ҚАЛА КӨШЕЛЕРІН ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ІСКЕ АСУДА
Шымкент көшелерін жарықтандыру жұмыстары өз нәтижесін беріп, көрсеткіштер өсіп келеді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес қала аумағындағы маңызы бар орталық көшелері жарықтандырылуда. Бүгінгі таңда 747 көшенің 324-і жарықтандырылды. Былтыр мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 104 көше жарықтандырылып, көрсеткіш 30 %- дан 43,4%-ға дейін өскен болатын. Биыл 102 көшені жарықтандыру жұмыстары жоспарланып, 42 көшеде жұмыстар аяқталды. Құрылыс барысында жалпы саны 2595 жарықтандыру бағанасы, 4600 дана жарықшам және 148 шақырым электр желісі тартылды. Жыл соңына дейін жоспарланған 102 көшенің барлығы толығымен жарықтандырылып, іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде көрсеткіш 43,4%-дан, 57%-ға өспек. Сонымен қатар 2023 жылы 106 көшеде жарықтандыру жұмыстары атқарлып, көрсеткішті 70 %-ға арттыру жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Шымкенттегі 81 елді-мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында ағымдағы жылы барлығы 14 нысанда ішкі жүйелердің және 2 қосалқы электр тарату бекетінің құрылысы жүргізілді. Соның ішінде, электр қуаты сапасыз 8 елді мекенге сапалы электр қуатын жеткізу жұмысы қарқын алған. Қазіргі уақытта, Сәуле-276, Жаңаталап, Нұртас елді мекенінде құрылыс жұмысы толық аяқталды. Бүгінде тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу (абоненттеу) жұмысы атқарылуда.
Сонымен қатар, Достық, Тұран, Солтүстік саяжай елді мекендерінде құрылысы аяқталған аумақтарында абоненттеу жұмысы қатар жүруде.
2022 жылдың қорытындысымен, жоғарыда аталған 6 елді мекендегі 43 мыңға жуық адам сапалы электр қуатына қосылуға мүмкіндік алатын болады.
Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 97%-дан — 98%-ға жетеді. Сондай-ақ, Қайнарбұлақ және Батыс елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2023 жылы толығымен аяқталады. Ал, Асар-2 (2-кезек) құрылысы да келер жылға өтпелі. Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласындағы барлық елді-мекендер 2023 жылы 100 % сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.