ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН

87
0
Биыл Шымкент қаласында жол саласында 190 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізілген, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан хабарлады. Басқарманың мәліметі бойынша, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға жоспар бекітілген. Соған сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылдың соңында шаһарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 63,6 пайызға жеткен болатын.
Ал, 2022 жылы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 190 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 2 нысан жолайрықтың құрылысы жүргізіліп, біреуі толығымен аяқталды. Оған қоса Ақжайық, Тассай, Азат, Нұртас шағын аудандарында жалпы 17 көше күрделі жөндеуден өтті.
Сонымен қатар орташа жөндеу жұмыстары бүгінгі таңда 303 көшеде жүргізілген. Шағын аудандар мен тұрғын алаптарда жалпы ұзындығы 122,7 шақырым көшеге шағал тас төседі.
Осы жұмыстардың нәтижесінде Шымкенттегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі биыл 67,4 пайызға жетіп отыр.
Айта кетейік, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен» Шымкент қаласының әкімдігі жолдың сапасын арттыру мақсатында арнайы келісімшарт жасаған. Соған сәйкес, Шымкентте жыл басынан бері 197 нысанға жол сапасын тексеру бойынша сараптама жасалыпты.
Жалпы соңғы уақытта Шымкент қаласында кептеліс мәселесі өзекті түйткілге айналып отыр. Десе де қаз-қатар қаңтарылған қалың көліктің қатарын сиретіп, кептелісті шешу үшін де игі бастамалардың көтеріліп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Бүгінде көшелер кеңейтіліп жатыр. Ірі көшелердің қиылысына жолайрық салынуда. Осының өзі жуық арада аталған мәселенің шешілуіне сеп болуы бек мүмкін. Саладағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмақ емес, алдағы уақытта да жалғаса бермек.