ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІ ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛЫП ҚОЮДЫ АЛДЫН АЛУДЫ  ЕСКЕРТЕДІ

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы көлік жүргізушілерді алыс қашықтыққа жолға шығуды кейінге қалдыруды ескертеді,-деп хабарлайды uakit.kz.

Басқарма инспекторлары еліміздің өзге өңірлерінде қыс қаһарына мініп, қатты аяздың болуына қарамастан кейбір жүргізушілер жолға шығып, төтенше жағдайлардың орын алуына себеп болғанын алға тартады. Мәселен, 27 қарашаның өзінде Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстарында төтеншеліктер 45 адамды қар құрсауынан шығару операциясын орындаған. Бір адамды жеңіл үсік шалған.

Өз кезегінде Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инспекторлары осы деректерді алға тарта отырып, бірқатар өңірлерде дауылды ескертулер әлі сақталып тұрғанын, сондықтан да ауа-райының нашарлауы кезінде алыс сапарға, әсіресе түнгі уақытта жолға шығуды және жаяу жүруді шектеу қажеттігін ескертеді. Сапар алдында автомобильдің техникалық жарамдылығын тексеріп, метеорологиялық болжамдар және дауылды ескертулер туралы ақпаратты қадағалап отыру қажеттігін сұрайды.

Құтқарушылар тұрғындардан ауа-райы тұрақталғанға дейін сапарлардан бас тартуды және оларды басқа уақытқа ауыстыруды сұрайды.

Айта кетейік, еліміздегі  жолдардың жай-күйі туралы ақпараттарды «Darmen» мобильді қосымшасынан білуге болады.

Төтенше жағдай кезінде 112 нөмірі бойынша хабарлау қажеттігін ұмытпаңыз.