КӨЛІГІҢІЗДІ КҮТІП ҰСТАҢЫЗ

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы көлік жүргізушілеріне автокөліктегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертеді,-деп хабарлайды uakit.kz.

Басқарма инспекторлары қаладағы автобекеттерде көлік иелеріне қауіпсіздік ережесін түсіндіріп, жадынама парақшаларын таратты.  Түсіндіру жұмысының мақсаты –  автокөліктердің өртенуін болдырмау.

Сала мамандары көліктердің өртенуі санаулы секундқа жалғасатынын, сақтық шараларын сақтамаса оның соңы түрлі қайғылы жағдайларға, кейді адам шығынының орын алуына ұласып жататынын алға тартады. Өкінішке орай көліктегі өрттердің болуына көп жағдайда көлік жүргізушілерінің өздері кінәлі болып жататынын ескертеді. Мұндай техногенді апатты алдын алу үшін көлік жүргізушілеріне төмендегі ережелерді қаперден шығармауды ескертеді.

– Көлік салонында шылым шекпеңіз. Себебі көлік ішіндегі электр жабдықтары, жанар-жағармай мен синтетикалық материалдар тез тұтанып, жылдам тұтанатыны белгілі. Соның нәтижесінде көлік санаулы 3-4 минуттың ішінде жалынға айналып кетеді.

– Қыс кезінде көптеген жүргізушілер суықтан оталмай қалған көліктің қозғалтқышына ашық отты жағып (факел, ашық спиральды калорифер, паяльная лампа және т.б.) жылытатыны белгілі. Бұл мүлде дұрыс емес, аккумуляторды тікелей көлік құралдарына зарядтауға болмайды.

– Көлікке жарық түсіру мақсатында ашық отты пайдалануға тыйым салынады. Көліктің қозғалтқышына ғана емес, сонымен қатар электрлік жабдықтарына да назар аударып, техникалық қарауды жиі жүргізу қажет. Автокөлікке міндетті түрде өрт сөндіру құралын алып жүру керек.

– Көлікте өрт орын алса, көліктің жылдамдығын арттырып, өртті сөндіремін деп ойлау үлкен қате. Көлікте өрт пайда болғанда оны өшіріп, қолданбалы тежегішке қойып, жолаушыларды дереу көліктен шығарып, өрт сөндіру қызметіне хабарласқан абзал.

Маңызды ақпарат!

Егер өрт жанармай құятын бак жақта болса, онда жағдай өте қиынға әкеп соғады. Ондай жағдайда қасыңыздағы адамдармен бірге машинадан қауіпсіз жерге бет алғаныңыз дұрыс. Себебі өртеніп жатқан көлік кез-келген секундта жарылуы мүмкін. Қақпақты ашқан кезде от ұшқындарынан сақ болыңыз. Капотты ашар кезде қолыңыз күймес үшін шүберекті пайдаланыңыз. Өрт сөндіру құралын жалынның ошағына бағыттап шашыңыз. Егер өрт сөндіру құралыңыз болмаса, басқа қолда бар құралдарды атап айтқанда, құм, су, қар, брезент немесе жанғыш емес материалдарды пайдаланғаныңыз жөн.

Мұндай жағдайдан өзіңізді  және жақындарыңызды қорғау тек өзіңізге байланысты. Ол үшін   көлігіңізді барынша күтіп ұстағаныңыз жөн.