БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – мемлекет пен қоғам алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Себебі өскелең ұрпақтың білімі, денсаулығы мен әлеуметтік жағдайы елдің болашағын айқындайды. Түркістан қаласында қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының төрағалығымен өткен кеңейтілген жиын осы өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Күн тәртібінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға инклюзивті білім беру, қорғаншылықтағы және қамқоршылықтағы балалардың құқықтарының қорғалуы, жасөспірімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар қаралды.
Ең алдымен, ерекше білім беруді қажет ететін балалар мәселесі қозғалды. Түркістан қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, қала аумағында 38 мемлекеттік және 50 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде үйде оқытылатын 348 оқушы бар, ал 4 мектепте 33 бала арнайы сыныптарда білім алуда. Бұл деректер ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту жүйесі жолға қойылғанын көрсетеді. Балалардың жағдайына қарай жалпы білім берудің типтік бағдарламаларына қосымша жеке оқу жоспарлары қолданылады. Сондай-ақ қаладағы ресурстық орталықтарда 16–22 маман еңбек етіп, әр топта 20–25 балаға түзету-дамыту сабақтарын жүргізуде. Бұл тәжірибе олардың қоғамға бейімделуіне, әлеуметтік ортаға еркін араласуына жағдай жасайды. Дегенмен, мұндай балалар санының артып келе жатқанын ескерсек, мамандардың біліктілігін арттыру және материалдық базаны нығайту жұмыстары жүйелі жалғасын табуы қажет. Кеңесте қамқоршылықтағы және қорғаншылықтағы балалардың құқықтарын қорғау мәселесі де кеңінен талқыланды. Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің деректеріне сүйенсек, 2019-2024 жылдар аралығында қалада 308 жетім бала баспанамен қамтамасыз етілген. Тек 2024 жылдың өзінде 44 балаға үй берілген. Бұл – мемлекет тарапынан жасалған нақты қолдаудың нәтижесі. Сонымен қатар жетім балаларға әлеуметтік жәрдемақылар, білім гранттары және түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Алайда тұрғын үймен қамту ісі біржола шешілді деуге болмайды. Әлі де кезекте тұрғандар бар, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажеттігі жиында баса айтылды.
Жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл проблема қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі. Түркістан қаласында соңғы жылдары осы бағытта бірқатар шаралар қолға алынған. Мектептер мен колледждерде «Қыздардың репродуктивті денсаулығы», «Қыз бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» және «Отбасын жоспарлау» тақырыптарында семинарлар тұрақты өткізіліп келеді. Мәселен, 2024 жылы 4 семинар өткізіліп, оған 490 оқушы қатысса, 2025 жылы семинарлар саны 15-ке жетіп, 1080 жасөспірім қамтылған. Бұл көрсеткіш жастардың білімін арттыруға, олардың жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Жиында бұл жұмыстардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тек қыздар ғана емес, жалпы жасөспірімдерге арналған бағдарламаларды кеңейту қажет екендігі де айтылды. Жастар арасында есірткі, психотроптық заттар мен алкогольді ішімдіктерге әуестенудің алдын алу мәселесі ерекше тоқталуды қажет етеді. Бұл – тек Түркістанға ғана емес, бүкіл елге ортақ қауіп. Жиында мектептерде салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары күшейтілуі тиіс екендігі баса айтылды. Әсіресе спорттық үйірмелерді көбейту, оқушыларды бос уақытын тиімді пайдалануға ынталандыру, ата-аналармен бірлескен профилактикалық жұмыстарды жүйелеу қажеттілігі көтерілді. Жасөспірімдердің қызығушылықтарын дұрыс бағыттай білсек, олар теріс әдеттерден аулақ болады.
Кеңес қорытындысында қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Әсіресе кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың денсаулығын сақтау және әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында жұмыстарды қарқынды жүргізуді міндеттеді. Бұл тапсырмалар балаларға қатысты мәселелердің тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде шешімін табуы үшін жасалған қадам болып саналады. Жалпы алғанда, Түркістан қаласында өткен бұл жиын кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау ісінде атқарылып жатқан жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Мемлекет тарапынан білім беру, әлеуметтік қолдау және тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілген. Дегенмен, әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасау, жетім балаларды баспанамен толық қамту, жастар арасындағы зиянды әдеттердің алдын алу – тұрақты назарда болуы тиіс мәселелер.