ДАРЫНДЫЛАРҒА ЖОЛ АШҚАН БАҒДАРЛАМА

89
0
«EL UMITI» — дарынды оқушыларды анықтап, қолдауға арналған бағдарлама. Осының аясында Шымкентте 2020 жылдан бері талай таланттың топ жарып, олимпиадада жеңіске жетуіне жол ашты.
Шымкент қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада, пәндер бойынша зерттеу жобалары мен шығармашылық байқаулар Шымкент қаласының Дарын орталығында ұйымдастырылады.
Сондай іс-шаралардың бірі қаңтардың 30-ы мен ақпанның 3-і аралығында №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында Республикалық олимпиаданың екінші (аудандық) кезеңі өтті.
Академиялық адалдық пен ашықтықты сақтау мақсатында олимпиада «El umiti цифрлық онлайн платформасы» ақпараттық жүйесінде веб-камера, фотофиксациямен прокторинг сервисін пайдалана отырып, әр минут сайын суретке түсіру арқылы электрондық форматта өткізілді.
Оған 2331 оқушы қатысты. Нәтижесінде 975 оқушы І, ІІ және ІІІ орындарды иеленді. Олимпиаданың екінші (аудандық) кезеңінің ережесіне сәйкес әр сынып әр пән бойынша ең жоғары ұпай жинаған 12 оқушыдан (кей пәндерден ұпай сандары бірдей болуына байланысты оқушы саны артты) келесі кезеңге жолданады.
8-11 сынып оқушылары арасындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша зерттеу жобалар конкурсының қалалық кезеңі 2022 жылғы 25 қараша күні «Parasat AJ» жекеменшік орта мектебінде өтіп, математика, қолданбалы математика, физика, биология, химия, информатика, техника, жер және ғарыш туралы ғылым, экономика, қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы, адам және қоғам, өлкетану, тарих, әдебиет (қазақ, орыс), этномәдениеттану, тіл білімі ( қазақ, орыс, ағылшын) секциялары бойынша 690 оқушы өз жұмыстарын қорғады. Нәтижесінде 298 оқушы келесі кезеңге (тестілеуге) жолдама алды.
Ал 2-7 сынып оқушылары арасындағы “Зерде” республикалық зерттеу жобалар конкурсының қалалық кезеңі жыл басында, 9-13 қаңтар күндері аралығында «Parasat AJ» жекеменшік орта мектебінде ұйымдастырылды. Әртүрлі секция бойынша 859 оқушы қатысып, нәтижесінде 511 оқушы І, ІІ және ІІІ орындарды иеленді.
2-7 сынып оқушылары арасындағы «Зерде» зерттеу жобалар конкурсының республикалық кезеңіне Шымкент қаласының атынан 24 оқушы жолдамаға ие болды. Осы олимпиадалар мен зерттеу жобалар конкурстарының Республикалық кезеңіне жолдама алған оқушылар Шымкент қаласының қоржынын медальдармен толықтыратынына сенімдіміз.