МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ ЖАҢАРДЫ – САРАПШЫ

217
0

Қайта жасақталған Мәжіліс әртүрлі саяси бағыттағы партиялардың негізгі күрес алаңына айналмақ. Себебі сайланған депутаттар мен саяси партиялардың арасында «оңшылдар» да, «солшылдар» да бар. Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы Асхат Кеңесов келтіріп отыр.

«Мәжіліс және мәслихат сайлауы нәтижесін Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси реформалардың жемісі ретінде қарастыруға болады. Өйткені, аталған саяси реформалар сайлау жүйесі мен партиялық жүйеге оң өзгеріс әкелді. Айталық, екі жаңа саяси партия пайда болды, мажоритарлы сайлау жүйесі қайта енгізілді, пайыздық кедергі 7%-дан 5%-ға төмендетілді, «Барлығына қарсымын» графасы енгізілді, тағы сол сияқты. Осыған орай, 19 наурыздағы сайлау қорытындысы саяси реформалардың дұрыс және уақытылы екендігін көрсетіп отыр», — деді Асхат Кеңесов.

Сарапшы 7 саяси партияның 6-уы Мәжіліске өтіп, парламенттік фракция саны екі есе өскенін айтты.

Айтуынша, бұл парламенттік плюрализмнің дамуы мен сапалы идеялардың бәсекелестігіне алып келеді.

«Алдыңғы шақырылымға қарағанда бұл жолы Мәжіліс депутаттарының 70% жаңарды. Яғни құрам айтарлықтай өзгерді. Бұл өз кезегінде, саяси элита мен саяси жүйенің жаңарып, жандануына алып келеді. Сонымен қатар, тәжірибелі депутаттардың Мәжілісте болуы кадрлар сабақтастығының сақталуын көрсетеді. Себебі тәжірибе мен жаңашылдық — дамудың кепілі. Сонымен қатар Мәжілістің жаңа құрамында қоғамдық пікірді қалыптастырып отырған азаматтар саны өсті. Олар — халық арасынан шыққан, қоғам мүддесін қорғаушы тұлғалар. Бұл Парламенттегі қоғамдық күштердің балансын реттейді. Өйткені, жаңа Мәжілістің құрамында көптеген қоғамдық сала өкілдері бар», — дейді ол.

Сонымен қатар, маман Мәжіліс әртүрлі саяси бағыттағы партиялардың негізгі күрес алаңына айналатынын тілге тиек етті.

Оның мәлімдеуінше, сайланған депутаттар мен саяси партиялардың арасында «оңшылдар» да, «солшылдар» да бар.

Сонымен қатар, ұзақ жылдардан бері билік үшін күрескен оппозициялық партия Мәжілістен орын алды.

«Мәжілісте идеологиялық плюрализм пайда болады. Әртүрлі деңгейдегі әлеуметтік топ өкілдері өздерінің мүддесі үшін күресіп, идеяларын ортаға салмақ. Жалпы, Президент бастамаларының негізгі бағыттары, сайлау нәтижесінен көріп отырғанымыздай, толық жүзеге асты десек, қателеспейміз. Себебі, жоғарыда аталған реформалардың іске асу нәтижесінде азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыра алатын заманауи Парламент жасақталды. Жаңа Мәжіліс жаңа адамдармен бірге алдағы бес жылдағы болашағымызды анықтайтын болады», — дейді Асхат Кеңесов.