ҚАЛА ӘКІМІ ТҮРКИЯ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

51
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Түркия инвесторларымен кездесті. «Işıklar Paper Sack Co. Ltd.» компаниясының өкілдері қалада қағаз шығаратын зауыт ашуды жоспарлауда.
Кездесу барысында тараптар жобаны жан-жақты талқылап, ұсыныстарын жеткізді. Шетелдік холдинг бағыты қағаз ыдыстарын өндірумен қатар бірнеше желіні қамтиды. Машина паркінің жалпы қуаты жылына 380 миллионнан астам қағаз қаптар шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда холдинг өнімдерінің 42%-ы 50-ден астам елге экспортталады. Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жобаны іске асыруға «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан жер бөлу жоспарлануда.
Айта кету керек, бүгінде Шымкентте орта және шағын кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Қалада белсенді кәсіпкерлік субъектілер саны 110 мыңнан асқан.  Мегаполистің өндірістік потенциалы негізінен, 5 өндірістік алаңда шоғырланған. Онда бүгінде 346 млрд.теңгеге 335 инвестициялық жоба іске асырылып, 14 мыңнан аса жұмыс орындары ашылуда. Қазір аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асқан. Шымкент кәсіпкерлікті дамытуда әлеуеті жоғары қала саналады. Үшінші мегаполисте жыл соңына дейін негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 722 млрд. теңгені құрап, өткен жылдармен салыстырғанда көрсеткіш 3 есе артады деп көзделуде. Қалада айрықша қарқынмен өсіп келе жатқан саланың бірі — турзим. Бұл салаға тартылған инвестиция көлемі артып, өткен жылдың 11 айында 23,6 млрд. теңгеге жеткен. Аталған инвестиция туризммен сабақтас салалардан құралған. Мұндай ауқымды туристік жобалардың қатарында «Пана», «ДОРА», Grand Villa Hotel, «Wind hotel», «Big rooms» және «Graf» қонақ үйлері бар. Аталған туристік нысандардың жалпы инвестиция көлемі 4,33 млрд. теңгені құрап отыр. Осы жобалардың жүзеге асуы арқылы 145 адам жұмыспен қамтылыпты. Одан бөлек, 2022 жылы қаламызда түрлі ас мәзірін ұсынатын мейрамханалар, туристік ұйымдар, спорттық кешендер мен сауда үйлері ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Олардың қатарында Бозжыра, Apple Tree, On Fit, world class, Дур плаза, CIT travel секілді ірі жобалар бар.