ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ ПАЙДАЛАНУҒА ТАПСЫРУ ИНДИКАТОРЫ БЕКІТІЛДІ

105
0

Шымкентте «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасының негізінде қаламыздағы тұрғын үйлердің жалпы аумағын ұлғайту мақсатында тұрғын үйлерді пайдалануға тапсыру жоспары (индикатор) бекітіліп, оның орындалуын қадағалау басқармаға жүктелген. Бұл тұрғын үйлердің басым бөлігі қаланың аумақтардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес, солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Шым Сити, Тұран, Әкімшілік іскерлік орталығы, Бозарық шағын аудандарында орналасатын көпқабатты тұрғын үйлер есебінен жоспарлануда. Бұл туралы Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.у.а. Нұрбол Жүнісбеков ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде айтты. 

Сонымен қатар аталған жиын барысында Шымкенттегі ең өзекті мәселе — жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару мәселесі де айтылды. Бұл — қала тұрғындарын толғандыратын ең өзекті мәселе. Бұл жөнінде Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.у.а. Нұрбол Жүнісбеков «Бізге болашақта қай жер учаскелері мемлекет мұқтаждығына өтеді, қаланың сәулет жоспары қай бағытқа қарай өзгереді деген секілді сұраныстар көптеп келіп түседі. Қаланың бас жоспарына сәйкес транспорттық логиситика, инженерлік коммуникация жүргізу мекемелері, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары, бас жоспарда қарастырылған мәдени-тұрмыстық ұйымдардың барлығы мемлекет мұқтаждығына қайтарылады» деп атап өтті. Айта кету керек, бүгінгі күнде ҚР Жер кодексінің 84-бабы және ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өндірісінде нысандардың құрылысын жүргізу үшін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы 1442 жер учаскесіне, 157 нысан бойынша 33 қаулы қабылданған. Барлық «Ақылды қала» ұстанымдарына сәйкес мегаполисттерде айналма жол салу өзекті болып отыр. Осы мақсатта қаламызда үш айналма жол салу жоспарланған. Оның біреуі пайдалануға берілді. Қазір бірінші айналма жолдың құрылысы басталды.