МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ ІСІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

79
0

Бүгінде еңбек нарығы аса жоғары қарқынмен өзгеріп барады. Бірнеше жыл ішінде сұраныстағы мамандықтардың қатары өзгеріп, мәні жоғалуда. Ең өзектісі, мектеп түлектері сұранысы аз, қажеттілігі төмен мамандықты таңдап, оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыссыздардың қатарын толтырып жатыр.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған жолдауында былай деген болатын «Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек». Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттарда бітіруші түлектерді түрлі мамандықтың қыр-сырымен таныстыратын тың бастамалар көтеріліп жатыр. Мәселен, жуырда Шымкент қаласында «Дұрыс таңдалған мамандық – болашақтың жарқын кепілі» тақырыбында Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектебінің бітіруші сынып оқушылары арасында кездесу өтті. Шараның мақсаты – жасөспірімдерге мамандық таңдау бағытында толыққанды ақпарттандыру және дұрыс бағыт-бағдар беру.

Кездесуге Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппараты әлеуметтік қорғау, мәдени даму және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Алтынбай Аймахан Есжанұлы, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының дефектолог-логопед маманы Мәлік Жанерке Ерланқызы және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдулин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанты Тасыбек Нұрбек Мықтыбекұлы қатысты. Олар бірінші кезекте жастарға сұраныстағы басым мамандық түрлерін атап, өз мамандықтары жөнінде кеңінен сөз етті. Сөз алған дефектолог-логопед Жанерке Ерланқызы өз мамандығы турасындағы пікірін былайша тарқатты «Мен мектеп қабырғасында оқып жүргенде тілі дұрыс дамымай, ойын анық жеткізе алмайтын балалармен жұмыс жасағым келетін. Тіпті, өзімше зерттеулерде жүргізетінмін. Осы талпынысымды ары қарай жүйелендіріп, дефектология мамандығына оқуға түстім. Бүгінде өз саламда жұмыс жасап, балалардың дамуы мен дұрыс қалыптасуына үлкен үлесімді қосудамын. Ал сіздерге айтарым, мамандық таңдаудан қателеспей, өзіңіз сүйген саланың майталманы болыңыздар». Кездесу соңында оқушылар қонақтармен сұрақ-жауап алмасып, естелікке суретке түсті.

Айта кету керек, үшінші мегаполисте қолға алынған «Болашаққа қадам» жобасы түлектердің белгілі бір мамандықты таңдауына бағыт-бағдар беріп келе жатыр. Бастама озық ойлы өскелең ұрпақтың пікіріне құлақ асатын, оның жүзеге асуын бірігіп ақылдасатын, мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беруге бағытталған ашық алаңға айналды. Мәселен, өткен жылы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Болашаққа қадам» жобасы аясында қаламыздағы бірнеше мектептің бітіруші сыныптағы оқушылары белгіленген кесте бойынша түрлі кәсіпорындарға экскурсия жасады.

Ондағы негізгі мақсат – оқушыларға мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру, саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өмірі екендігін түсіндіру, мамандық әлемі және олардың ерекшеліктері туралы түсініктерін кеңейту мен оқушылардың мамандықтарға деген қызығушылықтары мен бейімділіктерін анықтау. Мектеп оқушылары аталған жоба аясында «Әлем» БТ, «Назар» текстил, «SAGITEX» көпсалалы тігін фабрикаларында болды. Экскурсия кезінде кәсіпорындардың жұмыс барысымен, ондағы мамандармен жақынырақ танысып қайтты. Тәжірибелеріне қанық болып, сала мамандарының сөзін тыңдады. Алдағы уақыттарда да жастар орталығы жоба аясында оқушылармен мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруді жалғастыра бермек. Өйткені болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қарым қабілетін шығармашылықпен дамыта білсе, сапалы маман ретінде қалыптасатыны бесенеден белгілі.

Жалпы сараптамалар қорытындысына сүйенсек бүгінгі таңда «Enbek kz» порталы бойынша 2900 мамандық бойынша 7000 жуық бос жұмыс орны бар. Олардың басым бөлімі білім беру, медицина, қаржы және өндіріс салаларына қатысты. Жекелей талдау нәтижесіне сүйенсек – бастауыш сынып мұғалімі, психолог, тәрбиеші мен логопед мамандығына сұраныс жоғары. Жұмыс берушілер тарапынан жарияланған бос жұмыс орындарының қатарында — инженер, электромонтер, механик пен автослесарь іздеушілер де көп. Еңбек нарығында арнайы біліктілігі жоқ мамандар да үлкен сұранысқа ие. Қазірде 1797 жұмыс орны қосалқы жұмысшылар мен санитар мамандарын жұмыспен қамтуға дайын. Ал биыл жаңадан құрылатын жұмыс орындарына жасалған шолу қорытындысына сүйенсек — өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа ұқсас кәсіп жұмысшылары үшін 28 жұмыс орны, қызмет көрсету мен сату саласында — 277, техник мамандар үшін – 221 жалпы – 1500-ден аса уақытша және тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.