ШЫМКЕНТТЕ 65 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Шымкент қаласында 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегіндегі 65 отбасы арендалық баспанамен қамтылды.
50 пәтер көпбалалы отбасыларға, 15 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы толық емес отбасыларға, 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтарға берілді. Жаңа баспаналар 189 орамда орналасқан. Биылғы жылы тұрғын үй кезегіне санаттар бойынша тіркелген азаматтарға 324 пәтер, жастарға 888 пәтер, несиелік бағытта 2037 пәтер берілу көзделіп, оның ішінде қазіргі таңда 902 азамат 5-20-25, 2-10-20 «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша қамтылды.
Айта кету керек, 2023 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, баспанамен қамтылуда мемлекеттік қолдауға ие болады. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа нормаларды қамтиды. Бұған дейін жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін болса, бұдан былай 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осылайша жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артпақ. Биылғы жылы 888 жас арендалық баспанамен қамтылатын болады. Жастар бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау электронды портал арқылы жүзеге асырылып, өтінімдерді қабылдау, өңдеу, келісімшартқа тұру жұмыстары толықтай электронды нұсқада жүргізілетін болады. Қатысушаларды іріктеу балдық жүйе арқылы іске асады. Шымкент қаласы бойынша әзірге жастар бағдарламасы басталған жоқ. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желіде хабарландыру жарияланады. Сонымен қатар Жастар бағдарламасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылдан бастап жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз пәтерлер енді 3 жыл мерзімге пайдалануға берілмек. Өтініш берушінің өтініш бергенге дейін соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуі болуы және иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 1 наурыздан бастап «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы заң толық күшіне енді. Мұндағы мақсат – жастардың дамуына жағдай жасау және олардың мемлекет өміріне қатысуына мүмкіндік ұсыну. Бұрын заң аясында әзірленген мүмкіндіктер 29 жасқа дейінгі азаматтарға қолжетімді болса, енді 35 жастағылар пайдалана алады. Жұмыспен қамтуға байланысты «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» сынды мемлекеттік бағдарламалар енді 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін де қолжетімді болмақ.