ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНА — 45 ЖЫЛ!

73
0
Бүгінгі дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Көне жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте ескі дәуірлерден бастау алады. Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ. Биыл Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасына – 45 жыл толып отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 
Кітапхана 1978 жылдың тамыз айында облыстық Мәдениет басқармасы бұйрығының және Мәдениет Министрлігінің 23.12.1977 жылғы хатының негізінде ұйымдастырылған. Жасөспірімдер кітапханасы 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге, 17- 29 жас аралығындағы жастарға, олардың тәрбиесімен айналысатын ұстаздар мен тәрбиешілерге, басқа да оқырмандар категорияларына қызмет көрсететін ірі мәдени-ағарту, білім беру, ақпараттық орталық болып табылады. Кітапханадағы кітап қоры 174 мың, жылына 24 мыңнан астам кітапсүйер оқырманға ұсынылады. Жасөспірімдер кітапханасы – бұл даналық қазынасы. Кітапхана қызметкерлері жас оқырмандардың бірнеше ұрпағын өсіріп, жастарды тәрбиелеу үшін үлкен жұмыс атқаруда. Кітап дәуір мен ғасырдың арасын жалғастырса, кітапхана қызметкері кітап пен оқырман арасын жалғастырушы дәнекер. Еліміздің ертеңі, өскелең ұрпағымыздың кітап оқуға құштарлығын оятып, рухани сусындап, әдеби-мәдени ой өрісін ертеден қалыптастыру мақсатында «Әжемнің ертегісі» жобасы бойынша іс-шаралар өтеді. Кітапханада жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, кітап оқу үрдісін жаңғырту мақсатында «Кел сырласайық, қыздар!», «Жақсы адаммен жарты сағат», «Айна» мүдделестер клубы жұмыс істейді. Кітапханада 3 веб сайт оқырман үшін қызмет көрсетеді. Айта кету керек, соңғы жылдары Шымкентте кітапханаларды күрделі жөндеуден өткізіп, кітап қорын толықтыру бойынша қыруар іс атқарылып жатыр, Нәтижесінде қазіргі таңда аталған кітапханаларға барушылардың саны арта түсуде.