ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

81
0

Өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық қатысатын бюджет» жобасының тиімді жүзеге асып жатқанына айрықша тоқталған болатын. Сонымен қатар тиісті сала басшыларына аталған бастаманың ауқымын кеңейтіп, жұмысты жандандыру тапсырмасын да жүктеген еді. Қазіргі таңда еліміздің бірқатар өңірлерінде халық пен биліктің арасын жақындататын тың бастама бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда.

Мәселен, Тұран ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай төрт балалар ойын алаңшасы ашылды. Аудан әкімі Боранбай Нығметұлы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына арнайы келіп, ойын алаңшасының лентасын қиды. Ауданда биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 13 балалар ойын алаңшасы салыну жоспарланған. Бүгін соның ішінде Бәйдібек би көшесіндегі №246 тұрғын үй және Құрсай, Отырар, Ақтас шағынаудандарында ойын алаңшаларының құрылысы аяқталып, тұрғындарға пайдалануға берілді. Тұрғындар көптен күткен қуаныштарын балаларымен бірге тойлады. Аулаға жиналған бүлдіршіндер әткеншек теуіп, сырғанап мәз-мейрам. Аниматорлар балаларға сыйлық ретінде доп және тәттілер үлестірді. «Тұран ауданының әкімдігі балалар мерекесіне үлкен сыйлық дайындады. Балалардың болашағы үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға тұрғындардың атынан алғыс айтамын», – деді Тұран ауданының тұрғыны Меруерт Мұсағалиева. Айта кетейік, балалар алаңшасының құрылысын «Тұран-ГГ 2007» компаниясы жүргізді. Көп ұзамай Ақжар, Арғымақ, Құрса , Қазығұрт шағынаудандары және 112 орамда да балалар алаңшасы пайдалануға берілетін болады. Жуырда Шымкент қаласына қарасты Еңбекші ауданында заманауи үлгідегі 3 балалар ойын алаңшасы балалардың пайдалануына берілді. Ойын алаңшаларының ашылу салтанаты мерекелік шараға ұласып, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Балаларға демеушілер тарапынан сыйлыққа ойыншықтар үлестіріліп, тәтті балмұздақ тарту етілді. Биылғы жылы Еңбекші ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің 35 үй ауласы абаттандырылып, 25 ойын алаңшасы орнатылады. Сонымен қатар алдағы күндері жеке секторлы үйлерде 11 кешенді спорт және ойын алаңшалары тұрғындардың игілігіне тапсырылады.