ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЕНДІ ӨЗ САРАЙЫ БАР

51
0
Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағын ауданында салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылысы аяқталды. Балалар шығармашылығын дамытуға арналған орталықтың жалпы сыйымдылығы 500 орындық. Яғни, бір уақытта 500 бала шығармашылықпен айналыса алады. Мекеме тәулігіне 4 ауысымда жұмыс істейтіндіктен, жоба бойынша күніне 2000 бала қабылдануға мүмкіндік бар.
Аталған мектеп оқушылардың қабілетін шыңдап, талант көзін ашып, ой-өрісін дамытатын болады. Тоғыз жүз мың шаршы метрді құрайтын, үш қабатты ғимараттың ішінде оқушылар үшін бассейн, күресу залы, жекпе-жек залы, үстел теннисі ойындарының залы орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма үйірмесі, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау залы бар. Ғылыми техникалық бөлігінде 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, ал гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелерін табуға болады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сонымен қатар футбол алаңы, баскетбол, волейбол, воркаут, балалар ойын алаңы оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалануға арналады. «BI-Global» ЖШС-і салып жатқан нысан құрылысы 2021 жылдың аяғында басталды. Таяу арада Оқушылар сарайы мемлекеттік мекеме ретінде балалар игілігі үшін пайданалуға беріліп, жүзге жуық қызметкер жұмысқа тартылады деп күтілуде. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келіп, Мемлекет басшысы тапсырмасының жергілікті жерде орындалу барысымен танысқан болатын. Міне сонда Үкімет басшысы бірқатар нысанды аралап, құрылыс барысын байқап көрген еді. Жалпы елімізде орта буын медицина қызметкерлерін даярлау ісінде тоқсан жыл бойы үздіксіз білім беріп келе жатқан Шымкент жоғары медициналық колледжінің ғимараты биыл арнайы спорт залмен қамтылады.  Аталған нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылдың қыркүйек айында басталып, қазіргі таңда өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысанды салудың мақсаты – медициналық колледж студенттерін баскетбол мен волейбол ойнауға арналған спортзалмен қамту. Ғимарат 2 қабатты әкімшілік тұрмыстық корпустан тұрады. Спортзал аумағы 552,2 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатта асхана, киім ауыстыру бөлмелері болса, екінші қабатта фитнес зал және оқу кабинеттері қарастырылған.