ОЛАР ҚОҒАМ НАЗАРЫНАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ
Елімізде әрбір азаматтың қоғамда өзін еркін сезінуі үшін тиісті шаралар атқарылып келеді. Ол қатарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Бүгінде олардың кез келген ғимараттарға кедергісіз кіріп-шығуына мүмкіндіктер қарастырылған. Тіпті, заңмен шегеленген. Талаптарға томпақ келетін әрекет жасағандар, заң алдында жауап беруі тиіс. Өз кезегінде, талаптың орындалуы ұдайы бақыланып келеді. Мәселен, жуырда үшінші мегаполисте арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тарқатайық…
Нақтырағы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында ҚР «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңына сәйкес, Шымкент қалалық Әл-Фараби ауданында орналасқан нысан иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы 29 әлеуметтік және жекеменшік нысандарды аралау барысында 5 нысанның стандартқа сай еместігі анықталып, ескертпе жасалды. Нысан иелері 1 ай уақыт көлемінде айтылған ескертпелерді назарға алып, 2023 жылдың 30 маусымына дейін ережеге сай талаптарды орындауы тиіс. Жоғарыда аталған Заңның 25 бабының 3 тармағында «Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ортақ пайдаланылатын тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістік үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергісіз кіріп-шығуына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға міндетті» делінген. Аталған заң талаптары орындалмаған жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодексіне сәйкес шара қолданылады. Сондықтан нысандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы пандус, таймайтын төсеніш, шатыр, тірек, кіреберіс есіктеріне кедергісіз табалдырықтар, санитарлық-гигиеналық тораптар, арнайы автотұрақ болуы керегін естен шығаруға әсте болмайды.