БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ

395
0

Елімізде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша арнайы тапсырмалар бергені белгілі. Балалар денсаулығы, яғни педиатрия медицинаның ең өзекті, ауқымды да саласы. 29 қарашада облыстық денсаулық сақтау басқармасы өлкеміздің 80 жылдығы аясында Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының 50 жылдығына арналған халықаралық өкілдердің қатысуымен «Өңірлік педиатриялық қызметтің басымдықтары, инновациялары және болашағы» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өткізді.
Семинарға осы саланың мамандары, бас дәрігерлер, ғалымдар, денсаулық сақтау министрінің өкілдері, дүниежүзілік денсаулық ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы М.Вуйнович, «педиатрия мен балалар хирургиясының ұлттық орталығының» құрметті директоры, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымының докторы, профессор К.Ормантаев, ОҚО әкімінің орынбасары Б.Нәжмединұлы, ҚР Мәжілісінің депутаты Ұ.Сәдібековтер қатысты.
ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы, м.ғ.д., профессор Ж.Исмаилов ұйымдастырылып отырған семинардың мән-мағынасы жайында айта келіп, сөзді облыс әкімінің орынбасары Б.Нәжмединұлына берді. Ол облыстағы медицина саласындағы жетістіктер мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Ал Мәжіліс депутаты Ұ.Сәдібеков республика бойынша біздегі бала туу көрсеткішінің жоғарылығын, осы сала бойынша мәжілістегі және Үкіметтегі істерге тоқталды. Біздің елдегі балалар педиатриясының негізін салушы Камал Ормантаевтың сөзі көпшілікті бей-жай қалдыра алмады. Кейбір шетелдіктердің тәжірибесіне көзсіз еліктеп, осыдан алты жыл бұрын елімізде педиатрия факультеттерін жауып тастағанына реніш білдірді. Петербургте, Ташкентте балалар педиатриясы ғылыми-зерттеу институттары бар, бізге де осындай мекемелер қажет екендігіне назар аударды.
Семинарға қатысушылар үш секцияға бөлініп, балалар медицинасының өзекті мәселелерін талқылады. Семинар тек іскерлік бағытта ғана емес, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй деңгейінде өтті.

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.