350 ШАҚЫРЫМ КӨШЕНІҢ ЖОЛ ТАҢБАЛАРЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

75
0
Шымкентте қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында көшелерде жол таңбаларын жаңарту, бағдаршам, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату, жаяу жүргіншілер өткелдері мен оң жақ өткелдер салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жыл басынан бері белгіленген аумақтарға 1079 жол белгісі орнатылып, 220-сы жаңаланды, қажеттілігі бар аумақтарға 10 бағдаршам қойылды. Жыл соңына дейін тағы 4 мың дана жол белгісін орнату жоспарлануда. Қалада бүгінде 350 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар орындарда жол қауіпсіздігін қамту мақсатында 400 метр жасанды жол кедергілері орнатылды. Көлік қозғалысына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында Назарбеков — Бәйтереков көшелері қиылысында, Кеңжарық — Патеев көшелерінде, Бәйдібек би даңғылы, Тұран шағын ауданына бұрылыста оң жақ өткелдер құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ, Алаш, Бекжан базарлары маңында, Темірлан тас жолы мен А-2 айналма жолында 3 жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылыс жұмыстары атқарылуда. Айта кетейік, Шымкент қаласында асфальт жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 67,4%-ды құрайды. Шаһарда жол инфрақұрылымын дамыту, жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу – маңызды басым бағыттардың бірі. Шымкент – автокөліктің көбеюі бойынша елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі.  Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Онда 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жоспарланған. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары, Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Биыл 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 16 шақырым «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы қарқын алған. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін азайтуға және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.