СУБСИДИЯЛАНАТЫН ЖҰМЫСҚА 5 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ОРНАЛАСҚАН

247
0
Жұмыс берушілер қала тұрғындарын «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары шеңберінде субсидияланатын жұмыс орындарына, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға қабылдайды. Жұмысшылардың еңбек ақысы бағдарлама талаптарына қарай мемлекет есебінен толығымен немесе ішінара төленеді. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.
Жалпы, жыл соңына дейін тағы 500-ден астам адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру жоспарлануда. Жұмыссыз азаматтар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша халықты жұмыспен қамту бөлімдеріне жүгіне алады. Мамандар тиісті талаптар негізінде келісім-шарт түзілген мекемелердегі бос жұмыс орындарына жолдама береді. Айта кетейік, еліміздегі ең өзекті әлеуметтік мәселенің бірі – жұмыссыздық. Осы орайда, аталған мәселемен күресу бағытында да қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, Шымкент қаласында «Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» жүзеге асыру аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұдайы өткізілуде. Бұдан бөлек, қайтарымсыз гранттар арқылы кәсіп бастаймын деушілерге де қолдау көп. Бұдан бөлек, Шымкентте мүгедектігі бар және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға жұмыс орындарына квота белгілеу тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде 50 ұйымға 227 жұмыс орны бекітіліп, қазіргі таңда, 25 мекемеге 54 мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасты. Қала әкімінің тапсырмасымен 2022 жылы – ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін 19 мекемеге 53 жұмыс орны бекітілген. Ал пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар бойынша 20 мекемеге 56 жұмыс орны бекітілген. Бүгінгі таңда, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған – 2 азамат, пробация қызметінің есебінде тұрған – 13 азамат жұмысқа орналасты. Аталған шаралардың басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, және пробация қызметі есебіндегі азаматтардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету.