ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТТЕ КӨПФУНКЦИОНАЛДЫ ҚОЙМА КЕШЕНІ САЛЫНУДА

61
0

Шымкентте ауылшаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма кешендері көбейеді. Бүгінде сауда-логистикалық орталығында «НМИ – ЮГ» көп функционалды қойма кешені салынуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге алаңда болып, құрылыс барысын тексерді.

Жобаға сәйкес, ғимараттың аумағы 22 мың шаршы метрге жуықтайды. Тоңазытқыш камерасында тәулігіне 1455 тонна өнім сақтауға болады. Ал ұн өнімдерін сақтайтын орында 327 тонна тауар сақтауға мүмкіндік бар. Кешен іске қосылғанда 100 ден астам адамды жұмыспен қамтиды. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, қазір өндірістік кестеге сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары 30 пайызға аяқталған. Жоспар бойынша қойма кешені келесі жылы қолданысқа беріледі. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға жұмыс қарқынын күшейтіп, сапаны назарға алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, нысанды шаруаларға қолайлы етіп жабдықтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Айта кетейік, бұған дейін «Euro Tranzit Service Management» көкөніс сақтау қоймасының құрылысы жүріп жатқандығы туралы хабарланған болатын. Құны 5 миллиард теңге тұратын жобаның құрылысы биыл басталып, қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қазір мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған, сондай-ақ ғимарат негізгі 3 блокқа бөлінеді. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталып, 80 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Еске сала кетсек, Шымкент қаласында азық-түлік, көкөніс және тағы басқа тұрмыстық тауар өнімдерін сақтайтын ірі Сауда логистикалық орталығы 228 гектар аумақты алып жатыр. Қазір мұнда үш жоба жүзеге асырылған, яғни «Continental logistics Shymkent», «Kazakhstan Logistic group», «Зерде» компанияларының тұтынушылық өнімдерін сақтау қоймалары жұмыс істеп тұр.