АДАМ ҚҰҚЫҒЫ – ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

82
0

Адам құқығы – ел Конституциясының басты принципіне айналған жоғары мәртебеге ие құндылық. Мемлекет аумағындағы кез келген адам мемлекет тарапынан қорғауға алынады, ал оның құқықтары мен бостандықтарына мемлекет кепілдік береді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында «Мен адам құқықтарын қорғау бағытына ерекше назар аударамын, өйткені оның жай-күйі, сайып келгенде, біздің қоғамның даму деңгейіне әсер етеді» деп атап өткен еді. Сондықтан да мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін ұмытпауымыз керек.

Осы орайда, жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында адам құқықтарын қорғау мәселелері мен азаптауға және басқа да келеңсіздіктерге қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды.  Басқосуға қалаға жұмыс сапарымен келген ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, сондай-ақ прокуратура, полиция, қылмыстық-атқару жүйесі органдарының басшылары қатысты. Кеңейтілген мәжілістің күн тәртібінде адам құқықтарын қорғаудағы нәтижелі жұмыстар талқыланып, тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу мәселелері қарастырылды. Мұрат Дүйсенбекұлы барлық құзырлы мекеме басшыларын Конституция талаптарын қатаң сақтауға және осы бағыттағы шараларды бірлесе атқаруға шақырды. Омбудсмен адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының, әсіресе оның өңірлік өкілдіктерінің жергілікті деңгейде адам құқықтарын қалпына келтірудегі маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Ұлттық превентивтік тетіктің рөлін арттыруда, азаптауларды болдырмау және олардың алдын алу мәселелерінде жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесе тығыз жұмыс жүргізуге сенім білдірді. Мәжіліс соңында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, аталған бағыттарда бірлесе  жұмыс істеуге уағдаласты.