ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫНДА ЖОЛДАУДА БЕРІЛГЕН ТАПСЫРМАЛАРДЫ ОРЫНДАУ ТЕТІГІ ҚАРАЛДЫ

33
0
Үкіметтің жаңартылған құрамының алғашқы отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселені қарау алдында Үкіметтің жаңа мүшелерінің ант беру рәсімі өтті. Салтанатты рәсімнен кейін Әлихан Смайылов жауаптыларға межеленген міндеттерді, осыған дейін қабылданған жоспарлар мен тұжырымдамаларды, сондай-ақ Мемлекет басшысының әсіресе соңғы Жолдауда берілген тапсырмаларын орындау қажеттігін тапсырды.
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы Жолдауда айтылған барлық бастама мен тапсырманы қамтиды. Құжат жедел экономикалық өсімге, инфрақұрылым мен инновацияларды дамытуға ықпал ететін жаңа экономикалық саясатты іске асыру жөніндегі маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Бұл, сайып келгенде, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына әсер етеді.
Аталған шараларды тиімді іске асыру, бірінші кезекте министрлер мен әкімдерге жүктеліп отыр. Сондай-ақ барлық мемлекеттік органның, әкімдіктердің Жоспарды бірден орындауға кірісуі қажеттігі ескеріліп, бірінші басшылардың көзделген іс-шараларды сапалы және уақытылы орындалуы қамтамасыз етілуі қажет. Бастысы қаржыландыруға қатысты барлық мәселе жан-жақты пысықталуы керектігі назарға алынуда. Айта кету керек, жуырда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шымкентке арнайы келіп, қала әкімін тағайындау мақсатында мәслихат депутаттарының жиналысына қатысқан болатын. Жиын барысында мегаполистің жаңа әкімі Ғабит Сыздықбековке маңызды тапсырмалар жүктеп, қаланың кәсіпкерлікті дамытудағы жетістіктеріне арнайы тоқталды. Шымкенттің қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы бар қала болуға тиіс екенін ескерткен Үкімет басшысы ол үшін инвесторларға тиісті жағдай жасалып, мегаполистің дамуына серпін беретін өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға басымдық берілетінін айтты. «Біз Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесін кеңінен қолдаймыз. Биыл бұл тәжірибені барлық өңірде қолдану бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриялық аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғасуға тиіс», — деді Әлихан Смайылов.