ШЫМКЕНТТІК ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ ГЛАДИАТОРЛАР АШЫҚ КУБОГЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

111
0

Ағымдағы жылдың 3-5 қараша аралығында Шымкент қаласында классикалық стендтік пресс, халықтық пресс, халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен IPAF Федерациясының Армрестлингімен бицепске қатаң көтерілу бойынша гладиаторлар Ашық Кубогы өтті. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған турнирдің мақсаты — Қазақстанның мықты спортшыларын анықтау, еліміздегі күш спорт түрлерін насихаттау, сондай-ақ жастарды дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту. Міне, осы сайысқа турнирге «STRONG MAN» командасының құрамында 6506 әскери бөлімі 1 жедел мақсаттағы  батальонының материалдық-техникалық қамтамасыз ету взводының командирі майор Сұлтан Абдулмаликұлы қатысты.

Жарыс жоғары бәсекеге толы болды. Міне, осы турнирде Ұлттық ұлан офицері спорттық шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде классикалық стендтік пресс және халықтық пресс пәні бойынша майор Сұлтан Абдулмалықұлы 3-орын алды, ал бицепске қатаң көтерілу пәні бойынша 1-орынды иеленді. Осылайша спорт шебері нормативін орындады.

Айта кету керек, команда жаттықтырушысы — екі дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алмас Досанов. Жалпы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Қазақстан Республикасының чемпионаттарында және халықаралық деңгейдегі басқа да жарыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.