Әшірбаевтың заңсыз әрекетіне тәртіптік кеңес тосқауыл қойды

377
0

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Бақытжан Әшірбаев тұрғысында көзқарасымыз түзу еді. Бірақ кешегі оқиғадан соң көңілімізде кірбің қалғаны анық. Білдей басқарманы басқарып отырған бастық басшыға тән емес тірлік істеген соң оңсың ба, абырой мен беделге нұқсан келді. Ең бастысы, көпшіліктің өзіне деген сенімдеріне селкеу түсіргені ұяттау болғаны анық. Қарамағындағы қызметкерлердің жағдайларына, әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөлуі тиіс басшының жалғызбасты ананың соңына шам алып түскені түсініксіздеу тірлік болғаны рас. Жалпы, Бақытжан Әшірбаев не бүлдірді дегенге келсек, ол осы басқармадағы мемлекеттік сатып алу және бақылау бөлімінің бас маманы Г.Тілеукиеваны қысқартуға іліктіреді. Жалғызбасты ананы қысқарту не үшін керек екені басқарма бастығына ғана аян. Өзінің құқығын қорғау мақсатында Г.Тілеукиева тәртіптік кеңеске жүгінген. Тәртіптік кеңес Әшірбаевтың әрекеті заңсыз екенін айтып, оны қайта қызметіне қою туралы басқарма бастығына ұсыныс жіберген. Бұған пысқырып та қарамаған Б.Әшірбаевтың бұл қысастығына шыдамаған жалғызбасты ана амал жоқ Абай аудандық сотына шағым түсірген. Сот Әшірбаевқа Г.Тілеукиеваны қызметіне қайта алуды және еріксіз бос жүрген күндеріне 114803 теңге өндіру туралы шешім қабылдаған.
Жалғызбасты анадан жеңілгенді өзіне ар көрген Б.Әшірбаев облыстық соттың аппеляциялық алқасына арызданған. Алқа аудандық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған соң енді облыстық соттың кассациялық алқасына жүгінген Б.Әшірбаевтың бұл әрекеті шынын айтқанда «жеңілген күреске тоймайдының» кері еді. Бұл алқадан да тауы шағылған Бақытжан Әшірбаев жұмысқа қайта орналасқан Г.Тілеукиеваға өтемақы төлемек түгілі, тиісті жалақысын да беруден бас тартқан. Г.Тілеукиева тағы да тәртіптік кеңеске келеді. Бұл жолы кеңес мүшелері Бәкеңнің басынан сипай қойған жоқ, тиісті шара қолдану үшін облыс әкімі А.Мырзахметовтың атына ұсыныс хат жолдады.
Әй, Бәке-ай! Бас жағына барыспай-ақ мәселені жан-жақты зерделеп шешкеніңізде ғой, дау-дамайға басыңыз шатылмас еді.

Қыдыр Қалиев.