«Кетемін» деген жанды кетірмей…

Құрметті Асқар Исабекұлы! Біздер ұл-қыздарымыздың білімді де саналы азамат болып қалыптасуларын қалайтындықтан, ауылымыздағы № 13 Ә.Науайы атындағы мектептегі ахуал және мектеп директоры С.Камиловтың құйтұрқы іс-әрекеттері жөнінде қысқаша айтып, өзіңізден көмек күтеміз.Бұл туралы республикалық «Уақыт» газеті бір емес, екі мәрте материал жариялап, сол материалдың негізінде прокуратура тексеру жүргізді. Бірқатар мәселелер анықталып, мектеп директоры өз еркімен жұмыстан кетуі туралы өтініш жазып, оны аудандық білім бөлімінің бастығы Д.Айкөзоваға тапсырды. Алайда Айкөзова директорды қызғыштай қорғап, өтінішін қанағаттандырмай отыр.
Өткен оқу жылында мектепте 3 оқушы қыз аяқтары ауырлап, оның біреуі оқу жылы аяқталмай босанды. Қалған екеуін ОҚО педагогикалық колледжіне ауыстырды. Сонысымен қоймай, оқушы қыздардың ата-аналары мен олардың туыстарынан 400 мың теңгеден берулерін талап еткен, оқиғаны ың-шыңсыз шешіп бергендері үшін. Мектепте оқу-тәрбие жұмыстары өте төмен деңгейде. Мектеп директоры шын мәнінде педагог емес, ауыл әкімі лауазымынан босаған соң осы қызметке келген. «Бекжан» базарына бомба қойылды деп елді дүрліктірген де осы мектептің оқушысы. Еңбек пәні сабағы қағаз жүзінде өтілгенімен, шын мәнінде өтілмейді. Мектептің тәрбие жөніндегі орынбасарын өзі үшін құрбандыққа шалып, істеген әрекеттерін соған аударуға, сөйтіп орынбасарының бірін зейнет демалысына шығарып, орындарын ауыстыруға жанталасты. Осындай келеңсіздіктерді көріп, біліп отырған білім бөлімінің бастығы көз жұма қарап, директорға шара көруге асығар емес. Себебі, Д.Айкөзованың өзі туралы да талай материалдар жарияланып, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық қорғау органдары тарапынан жазаға тартылған.
Біздер ұл-қыздарымыз сапалы білім, саналы тәрбие алып, Қазақстанның болашағы үшін лайықты еңбек етсе деп тілейміз. Ал бүгінгі олар білім алып жатқан мектептен біз ешқандай үміт күтпейміз. Себебі, мектеп директоры С.Камилов білім ордасын базарға айналдырып жібергендей. Мұғалімдердің штат бірліктері өрескел бұрмаланалады, оқушыларға тиісті дәрежеде сабақ жүргізілмейді. Қандай тексеру келсе де біздермен, шағым жазушылармен пікірлескендерін жөн көреміз. Сізден осы өтінішімізді аяқсыз қалдырмай, болашақ ұрпағымыз үшін нақты шара көруге әрекет етеді деп сенеміз.

Ауыл тұрғындары: Усмантаев.М
Шадиев.С.
Мирзаев.М.