ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ немесе «Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді»
Оқырмандар есінде болар, «Идеологияға жауапты адамдар журналистикаға көңіл бөлмейді» атты сұхбатым («Уақыт», 2012, №12) жарияланған еді. Оның мәтіні сайтқа да орналастырылған екен. Пікір білдірушілер көп. Бірақ солардың біразы талқылау жүгін тақырыптан ауытқытып, көр-жерді термелеп кетіпті. Сайттың бір жақсы жері – мәтіндер редакцияланбайды, сондықтан ақылдымсып шыққан талайлардың бетпердесі ашылып қалады. Ондайлар көп-ақ қой. Бәріне болмаса да, тым еркінсіп, Шымкенттің «шы-шы»-сына қоймай-қоймай сұранып тұрған бір-екеуіне, оқырмандардан кешірім өтіне отырып, сыпайылап қана бір-екі ауыз сөз жолдасақ дейміз…
«Ақбаян» деген пікір білдіруші салған жерден бізді «не кто», «маубас» депті. Әйелдер кейде, жақсы көргенде күйеулерін «маубас» дейтіні болушы еді… Бұл сөзіне онша ренжи қоймадық. Ал, орысша «некто» (әлдекім) немесе «никто» (ешкім) деп жазылатынын қайдан білсін кітап бетін ашпаған бұл маубас?! Есіме баяғыда бір сақау тоқалдың «Сіңи-сіңи дегеніңіз шылқа-шылқа май ғой, байеке!» дейтіні түсті. Осы Ақбаян сұрыптас Еркебұлан деген әй-шайсыз сұхбат берушінің «сақалына» жармасыпты. Қожайынға жағу үшін «шәуілдегені» шығар. Әйтпесе журналистикаға қатысы жоқтығы көрініп тұр. Артық-ауыз сөздерге салауат. Тақырыпқа оралайық.
Мұғалімдерде «санат» деген бар. Санаты (ІІІ, ІІ, І және жоғары) өскен сайын айлығы да көбейе береді. Дәрігерлерде де солай. Күштік құрылымдарда шен мен лауазымға орай айлық жоғарылайды. Мемлекеттік қызметшілердің «дәмді күлшесі» туралы айта бастасақ… жә, қызғанбайық. Бірақ талайларды жарылқап отырған билік журналистерге келгенде неге тарылады? Білеміз, бұл мәселені реттейтін заң немесе Үкімет қаулысы керек. Бұл, әрине, жергілікті биліктің дәргейінен биік тұр. Солай екен деп, қарап отыру да жараспас. Өз құзыреттері аясында қамқорлық жасауға болар еді ғой. Мысалы, тендерге бөлінетін миллиондаған қаржының әлеуметтік мәселелерді шешуге де жұмсалуына ықпал етсе ше? Тағынан түсіп қала ма? Басқасы басқа, қаламақыны біржолата құртып тындық. Қиын кезде біз де сұғанақтанбадық, сұрамадық. Мемлекетіміз еңсесін тіктеді, енді талап етсек, несі айып? Айтпақшы, облыс әкімдігі тендерге бөлінетін мол қаржыдан республикалық басылымдарға да сыбаға асатып отыр. Сонда «Казахстанская правда» сияқты Үкімет толық қаржыландырып отырған әрі облыста оқырмандары аз газеттердің «екі жеп, биге шығуы» заңды ма? Оңтүстікке бөлінген қаржыны талан-таражға салу емес пе бұл?! Солай шығар. Ал, жергілікті журналистерді шөміштен қағу екені анық.
Аталмыш сұхбатта журналистер біліктілігі, басылымдар сапасы, кадрлар іріктеу жайында да аз-кем әңгіме өрбіген. Ананы-мынаны айтқан соң, ара-арасында бірді-екілі деректермен шегелейсің, сондайда біреулердің аты-жөні тілге оралады. Әйтпесе, Қапбаровада шаруамыз шамалы. Ол – біраз уақыт менің көлеңкемді саялаған адам. Ол үшін кектенуге бола ма? Ал, Нарымбетов оның қызметін өсіру үшін менің беделім мен тәжірибемді пайдаланды. Бұл да практикада бар нәрсе. Егер Қапбарова мықты болса, «Оңтүстік Қазақстанда» әжептәуір қызмет етіп жүрген, жас дейтіндей емес, қырыққа тырмысқан оны неге бірден қалалық газеттер басшылығына ұсынбайды? Маған тіркеу неге қажет болды? Оны тікелей апарып отырғызуға Нарымбетовтің жүрегі дауаламады. Өйткені ол кезде, бейнелеп айтқанда, «Шымкент келбеті» деп аталатын арбаның төрт доңғалағы төрт жаққа кетіп, қирап жатқан. Оны дау-дамайсыз жөндеп, жолға салатын адам керек еді… Арба жөнделіп, даңғылға шыққан соң сол екпінімен жетелеусіз-ақ біраз жерге баратыны белгілі. Міне, сондай қолайлы сәт туғанда Нарымбетов жанықты. Мен де асығып отырғанмын. Дер кезінде «Соңы жұмыстан шығуға ұласатын кезекті еңбек демалысына жіберу туралы» (очередной отпуск с последующим увольнением с работы) өтініш апардым. Ол менің тиісті еңбек демалысын пайдаланбай, қызметтен кетуімді қалады (Айгүл қыңқылдап мазасын алған шығар). Заңнан хабары шамалы екенін көрсетті. Әйтпесе, «Оңайына қызығып, Бойрабайдың атын Сойрабай қойдым» деп, Науан ағай айтпақшы, екеуміз «бір есікті қағып» тұрғанбыз…
Талқылау кейде «Бері тартып, әрі құлат» әдісімен жүріп жатқандықтан, біз де бірді айтып, бірге кетіп отырмыз. Кейбір пікір айтушылардың шегелеуінше, «Еркек адам әйелмен айтыспауы керек екен». Демек, әйел ойына келгенін істей берсін! Шындығында айтысу ойымызда жоқ-ты. Әңгіменің шығуына Қапбарованың аз уақытта жеті-сегіз адамды жұмыстан кетіруге мәжбүрлеуі әсер етті. Олардың арасында қыз-келіншектер де бар. Жалпы «Шымкент келбетінің» толық штаты – сол жеті-сегіздің о жақ, бұ жағында. Жарайды, мен қабылдаған қызметкерлерді босатсын. Менен бұрын да бірнеше басшының тұсында абыройлы еңбек еткен компьютер маманы Самат неге жақпай қалды? Қалалық әкімдіктің ұстанған позициясынан хабардармыз. Нарымбетов «Үш адам өз өтініштерімен қызметтен кетті. Олардан бізге шағым-арыз түскен жоқ» деген пікірде. Арызбен ғана қозғалатын кадрлардан не жаңалық, жақсылық күтерсіз? Осы орайда, тағы да қайталап айтайық, идеология атты қуатты қару оның тілін түсінбейтін, ең жанымызға бататыны – түсінгісі де келмейтіндердің қолында жүр. Жазым болып жатқандар жоқ емес қой. Жұмабек Мұқанов сынды бетке ұстар бір журналисіміз айдың-күннің аманындағы қысым-қудалауға шыдаса да, әділетсіздікке төзбей, облыс аумағынан шығып кетуге мәжбүр болды. Иә, журналист, шын журналист сынға, тіпті орынсыз болса да, шыдайды. Олардың осал жері – билік өкілдерінің ештеңені көрмей, білмей, естімей қалатыны, адам өлтіретіндей үнсіздігі. Біз осыны еске салдық. Бірақ…
«Біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді». Біздің жағдайымызды ойлайтындай Өзбекәлілер жоқ қазір. Өткендегі сұхбатта идеология саласында жүрген қайсыбіреулерді асабаға теңеген едік. Енді мәселе шешпесе де, тықылдаған тілі бар сондай асабалардың өзіне зар болатын уақыт келгендей. Майын тамызып, қатырып жазылған қазақша мәтінді оқи да алмайтын идеолог басшы төбе көрсетті жақында. Құдды қауындықтың қарақшысы сияқты. Ал, біз пісіп, теңкиіп-теңкиіп жатқан тәтті қауынбыз. Анау келіп бір бір шоқиды-шұқиды, мынау келіп тағы шоқиды-шұқиды…
Захардин ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ.