ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Соңғы бірнеше жылда елімізде экономиканы дамыту мен инвестиция тарту бойынша кешенді шаралар жүзеге асты. Мұның өзі еліміздің әлемдегі беделінің өсіп келе жатқанын айғақтайды. Осындайда инвестициялық жайлы орта қалыптастырудың маңызы айрықша екені даусыз. Дегенмен бұған кедергі болатын түйткілдер де баршылық. Соның бірі де бірегейі – сыбайлас жемқорлық фактілерінің жиілеуі. Жасыратыны жоқ, мұндай ауқымды мәселе қазіргі уақытта да өзінің өзектілігін жойған жоқ. Тіпті, уақыт өткен сайын көптеген қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың беті ашылып, қоғамға белгілі болуда. «Осындайда билік тарапынан қандай шаралар атқарылып жатыр?» деген заңды сауалдың санамыздан сығалайтыны белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес.
Елімізде бұл мәселенің алдын алуды көздейтін заң жобасы бар. Бұл ғана емес, түйткілдің түйінін ағыту бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. Тіпті, әрбір өңірде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында қолға алынып жатқан шаралар жыл сайын жүзеге асырылады. Оның қатарында жастар орталықтары түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, арнайы үнпарақтар тарқатса, білім ордаларында арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Әрине, бұл атқарылатын жұмыстардың баршасы емес. Мәселен, Түркістан қаласында біз сөз еткен тақырыпта түрлі бағытта кездесулер өтіп жатыр. Осындай жиынның бірі күні бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Онда Түркістан қаласы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілеріне «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының талаптарын сақтау бойынша қала әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Қыдырбаев баяндама жасады. Келелі жиынға Түркістан қаласы әкімдігінің қызметкерлері қатысты. Жиналыс барысында мемлекеттік қызметшілерге қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстану, мемлекеттік қызметшілердің қоғам тарапынан сынға алуынуы, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманың және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері, іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау, ойын мекемесіне барудан тартыну және әріптестерге өзінің діни нанымдарын таңбауға, қол астындағы қызметшілерді діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу мәселелері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы дайындалған слайдпен таныстырылды. Айта кетейік, бұл қалада өтіп жатқан алғашқы жиын емес. Бұған дейін Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Қадырболат Қабдырұлымен де келелі кездесу ұйымдастырылған болатын. Онда да заң талаптары кеңінен түсіндірілді. Өзекті түйткілдер тарқатылды.
Айта кету керек, елімізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында жүзеге асып келе жатқан жұмыстардың қатары қалың. Күні бүгінге дейін көптеген мемлекеттік органдардың жұмысы сараланды. Тиісті шаралар да көріліп келеді. Өйткені бұл бағыттағы шаралар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында десек, артық айтпаған болар едік. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде «Еліміздің құқықтық жүйесі үшін мүлде жаңа институттар бар. Мемлекеттік қызметшілердің жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да қымбат дүниелер сатып алуы қатаң бақылауға алынады. Сонымен қатар, шенеуніктердің адалдығын тексеруге арналған «Integrity check» әдісін атап өтуге болады. Әрине, бұл ұсынысты әлі де жан-жақты пысықтау қажет. Дегенмен, халықаралық тәжірибеде мұндай тексерістер жақсы нәтиже көрсетуде. Басқа да бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыруымыз керек. Сондықтан, бүгін маған таныстырылған тұжырымдаманың жобасын бекітемін. Алайда, жұмыстың тиімділігін нақты нәтиже бойынша бағалайтын боламын. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заңнамалық шаралар қабылдауға тиіспіз. Сонымен бірге, жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтау және ашу жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Сонда ғана жемқорлықпен табанды түрде күресе аламыз» деген болатын. Осы орайда, қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты ескерту мен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. жоғарыда біз сөз еткен шара да осы мақсатты көздейді десек, артық айтпаған болар едік.