ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫП АЯСЫНДА БАС ҚОСТЫ

141
0

Өскелең ұрпақ жас өскін іспетті. Оны қалай исең, солай қарай өседі. Өкініштісі сол, бүгінде осы бір түсінікті теріс мақсатта пайдаланып жүрген жандар баршылық. Әсіресе, сыбайлас жемқорлық сынды көктейтесті мәселемен жастар университет қабырғасында жүріп-ақ танысып, бетпе-бет келіп жатады. Мұның алдын алудың маңызы зор. Өйткені білім ордаларында заңсыздықтың өршуіне атсалысқан жастар болашақта да мұны кәсіп етуі мүмкін. Сондықтан олардың құқықтық сауатын арттырудың, бағыт-бағдар берудің маңызы айрықша. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында атқарылып жатқан шаралар аз емес. Жыл басынан бері тарихи шаһардағы жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асты. Бұл бағыттағы бастамалар әлі де жалғасып жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Ашып айтсақ, Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Омар Жәлелұлының қатысуымен өңір жастарына адалдық, парасаттылық құндылықтары және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша келелі кездесу өтті. «Адал ұрпақ  – егемен елдің ертеңі» тақырыбында өрбіген игі шараға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов, «Түркістан — Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі мен менеджерлері, Халықаралық университеттің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. «Жалын» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген кездесудің негізгі мақсаты – жас буын жастарды парасаттылық, әділдік құндылықтары негізінде рухани кемелдендіру және Отанға адал қызмет етуге жұмылдыру. Ар тазалығы мен адам бойындағы ең ізгі қасиеттер сөз болған келелі шарада Омар Жәлелұлы ұлтымыздың ұлы перзенті Хәкім Абай Құнанбайұлының шалқар шығармашылығынан үзінділер келтіріп, қазақтың бас ақыны өскелең ұрпақтың адал болмыс иесі болуын өсиет еткендігін тілге тиек етті. Рухани басқосуда Жаңа Қазақстанның бастау бұлағы — бүгінгі жастар екендігі ортаға салынып, ел дамуын тежейтін қоғам дертіне төтеп берудің тиімді тетігі — саналы, парасатты ел жастарын тәрбиелеп шығару екендігі баса атап өтілді. Жастар санасын жаңғыртуға сеп болған кездесу соңында жиынға қатысушылар бірқатар сауалдарын жеткізіп, өз ұсыныс-пікірлерін ашық ортаға салды. Шараны қорытындылаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Ержан Жүнісов белгілі ғалымның адалдық қағидатын қалыптастыруға бағытталған арнайы дәрісі үшін айрықша алғыс білдіріп, киелі өңір жастарын жемқорлықтың алдын алуда белсенді болуға шақырды.

Айта кету керек, бүгінде жастар орталықтары да сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту мақсатында бірқатар игі бастамаларға мұрындық болып келе жатыр. Жыл басынан бері түркістандық жастар аталған түйткілді мәселенің алдын алу бойынша көптеген шараларға ұйытқы болды. Бүгінде арнайы үнпарақтар да таратылып жатыр. Мұның өзі ел азаматтарының құқықтық санасын арттыру мен жаңғыртуға айрықша әсер етпек. Осы тұста айта кетерлігі, сыбайлас жемқорлық фактілерімен бетпе-бет келген жағдайда немесе осындай құқықбұзушылықтың құрбаны болғанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгіну қажет. Ол үшін жазбаша түрде оқиға жайында тұрғылықты жері бойынша аумақтық департаментке беруге, Egov порталы арқылы онлайн хабарлауға немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 бірыңғай Сall-орталығына қоңырау шалуға болады.