ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

72
0

Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл  парасаты мол, мәдени  ғылыми өрісі озық азамат тәрбиелеу. Бұл — біздің қоғам алдындағы борышымыз. Бүгінгі әлемдегі елдер мен халықтардың өзара тарихи байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейге бет бұруы, ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білім мен тәрбиеге ғана тән. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы, білімді де білгір жастардың қолында. Жастар алдынғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Жастар – қоғам өмірін алға бастаушы прогрессивті күш иесі екенін қай қоғамда да дәлелдеп келеді.  Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар, бүгінде  озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді.

Осы орайда, Шымкенттегі қалалық Жастар ресурстық орталығында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың Президент Жолдауын түсіндіру бойынша жастармен кездесу іс-шарасы өтті. Мәлік Нұржанұлы кездесуде қоғамдағы өзгерістерге жастардың қатысуы қажет екенін айтты. Сондай-ақ жастардың саяси өмірге араласуын ынталандыру, пікір алмасу және идеяларды жүзеге асыру үшін бірлескен күш-жігердің маңызын жеткізді. Жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытында өз ойларымен бөлісті. «Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың нақты мақсаты болуы тиіс. Біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітап оқыған жастар, азаматтар өз ұлтын сүйеді, өмірге деген құштарлығы артады. Қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеп, озық ойлы ұлтқа айналу үшін кітапқа, білім-ғылымға қызығушылық артуы керек» – деді Мәлік Отарбаев. Спикерлер Президент Жолдауының негізгі аспектілерін түсіндіріп, жастарды белсенділік танытуға шақырды.

Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет» деп атап өтті. Осы орайда, Жолдау жүктеген міндеттерді әуелгілерден болып жастарға түсіндірудің маңызы айрықша. Өйткені елдің болашақ даму бағдары мен бағыты дәл осы өскелең ұрпаққа тікелей байланысты.