ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУ БАРШАНЫҢ МІНДЕТІ
Қоғамды жайлаған «жегіқұрт» жемқорлықпен күресуде «НұрОтан» ХДП-ның белсенділігі артып келеді. Аталмыш партияның Сайрам аудандық филиалына қарасты кеңестің ұйымдастыруымен аудан көлеміндегі жер дауы, ауыз су мәселелерін шешуге бағытталған және Елбасының «Қазақстан-2050» жолдауын түсіндіру мақсатында көптеген жиындар өтті.
Олардың ішіндегі ең маңызды басқосу – Сайрам аймағы бойынша ауданаралық қаржы полициясы басқармасы және басқа да мемлекеттік мекемелер өкілдерінің қатысуымен өткен «Сыбайлас жемқорлықпен күрес ортақ мүдде» атты дөңгелек үстел. Осы жиында «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде пікірімді білдіріп, осы қоғамдық кеңеске келіп түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі білім, денсаулық саласына және жер мәселесіне байланысты болып келетінін айтқанмын. Осы орайда тиісті құқық органдарымен қоян-қолтық араласып, тығыз байланыста жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қоғамдық дертке айналған сыбайластыққа қарсы күрес ешқашан тоқтамайды. Оны Елбасымыз өзінің «Қазақстан-2050» бағдарламасында да жеті бағытының бірі ретінде атап көрсетіп отыр. Қазіргі таңда негізгі жұмысымыз мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда, жоғары оқу орындар мен мектептерде, аурухана және емханалардағы кең етек жайған жемқорлықпен күресу болып отыр. Дегенмен, онымен күресу тек бір партияның немесе бір ұйымның ғана міндетіне жатпайды, ол осы қоғамдағы баршаның міндеті деп білемін.
С.САҒЫНДЫҚОВ,
Сайрам аудандық мәслихатының депутаты,
«НұрОтан»ХДП Сайрам аудандық филиалы
жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы.