Әлеумет әлеуеті — прокуратура назарында

368
0


Соңғы кездерде құқықтық салада іскерлікті, ыждағаттылықты, талапшылық пен жауапкершілікті ең басты міндеттердің қатарына қосып, ел игілігі, заңның дұрыс орындалуы жолындағы жұмыстар тиімді жүзеге асырылуда.
Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры, 3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі И.Имановтың төрағалығымен өткізілген облыстық прокуратураның кезекті алқа мәжілісінде «2014-2015 жылдары және биылғы жылдың I тоқсаныңда Оңтүстік Қазақстан облыстық Әділет департаментінің аумақтық сот орындаушылар бөлімі филиалдарында және облыстағы жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасында алимент өңдіру туралы атқару құжаттарының жүргізілуіне және қылмыстық қудалау органдарында осы санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықты тергеп, тексерудің, сонымен қатар борышкерлерді іздеу жағдайындағы жүргізілген жұмыстардың заңдылығы» мәселесі жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіне қойылып отырған бүгінгі күннің алимент саласындағы қойылған мәселеге Облыстық Әділет департаменді басшысының орынбасарлары, облыстық ішкі істер департаментінің, облыстық көші-қон басқармасының, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, білім басқармасының, жеке сот орындаушылар басқармасының басшылары мен Әділет департаментінің бөлім меңгерушілері, аумақтық сот орындаушылар бөлімінің сот орындаушылары, ОҚ мәслихат депутаты, облыс әкімдігінің жанындағы Қоғамдық Кеңес мүшелері қатысып, айтылған жайларды ортаға салып, ой бөлісті, пікір алмасты.
Алқа мәжілісінің күн тәртібіне қойылған осынау өткір мәселеге байланысты облыс прокуротурасының басқарма бастығы Н.Ерманов баяндама жасап, облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары О.Тастанов пен ОҚО жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының төрағасы М. Әбдібай есеп берді.
Жасалған баяндама, берілген есептер бойынша олардың түсініктемелерін тыңдап, кеңінен талқылап, алқа тиісті шешім қабылдады. Онда алимент өңдіру туралы атқару құжаттарының орындалуына және қылмыстық қудалау органдарында осы санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықты тергеу мен тексерудің, сонымен қатар борышкерлерді іздеу жағдайына жүргізілген жұмыстардың заңдылығына жасалынған тексеру мәліметтері қатаң назарға алынып, Шымкент қаласының Әл-Фараби, Абай, Еңбекші және Қаратау аудандарының прокурларына қадағалау аумақтарына сот актілерінің орындалу заңдылығына қажетті деңгейде ықпал етпегенін, жүргізілген іс-шаралардың жеткіліксіздігі жөнінде айтылып, қатаң нұсқалынды.

Облыстық Әділет департаменті мен аумақтық сот орындаушылар бөлімдеріне алимент өңдіру туралы ұзақ уақыттан бері қозғалыссыз жатқан атқару өңдірістерін саралап, борышкер мен өңдіріп алушы татуласқан жағдайда соңғысының арыздары негізінде атқару парақтарын қайтару жұмыстарын кешенді жүргізу, балалар үйлеріндегі тәрбиелеушілердің пайдасына алимент өңдіру туралы жоғалған атқару құжаттарын жандандыру және оған кінәлі лауазым иелерінің ҚР ӘҚБтК 672 бабында қарастырылған жауапкершіліктерін шешу, «100 Нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-ші қадамы аясында өңдіріп алушыларға атқару парақтарын өңірлік жеке сот орындаушылар палатасына өткізу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу мен атқарушылық өңдірісті қамтамасыз ету басқармасына соттың санкциясымен ҚР аумағынан шығуына шектеу қойылған борышкерлерге қатысты қаулылардың «Беркут» базасына дер кезінде орналастырылуына саралау жасап, тиісті шара көру, сот актісін үш айдан астам уақыт орындамаған борышкерлерге қатысты сот арқылы заңмен белгіленген шектеулер қоюды, оның ішінде борышкердің көлік жүргізу куәлігін алимент қарызын толық төлегенге дейін уақытша тоқтату жұмыстарын толыққанда жүргізу ұсынылды.
Алқа шешімімен сот орындаушылар бөлімдерінде облыстық балалар үйіндегі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларының пайдасына алимент өңдіру туралы тізімі тіркелген жоғалған атқару құжаттары бойынша прокурорлық шара көру тапсырылды.
Облыстық прокуротураның алқа мәжілісінде арнайы сөз алған облыс прокуроры И. Иманов талданған мәселелермен шектеліп қалмай, өз тарапынан күн тәртібіндегі қаралған өзекті іске байланысты жан-жақты пікірін білдіріп, өз тарапынан көптеген ұсыныстар айтты. Әсіресе, алдағы уақытта алқа мәжілісіне облыс әкімдігі жанындағы Қоғамдық Кеңес мүшелерін, мәслихат депутаттарын, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тұрақты қатыстыру, сол арқылы танымдылықты, ашықтық пен жариялылықты арттыру, болып жатқан жағдайлардың ақиқаттығымен бұқараны тұрақты таныстырып отыру, бүгінгі күнде қоғамда өз шешімін толық таба алмай, қиындық пен алаңдаушылық тудырып отырған алимент өңдіру, отбасының берекесі мен бірлігін сақтау негіздерін тұрақтандыру, атадан балаға мұра болып келе жатқан отбасылық салт пен дәстүрді жас ұрпақ санасына терең сіңіру, ұлттық болмысты қалыптастыру, әр адамның жүрегіне иман ұялату, қайырым мен мейірім аясындағы тәрбиені дамыту, салауатты өмір салтын орнықтыру, әлеуметтік жағынан төмен адамдардың өтініші мен ісің заң орындарында бірінші кезекте қарауға қатаң мән беру төңірегінде ұлағатты және сындарлы пікір айтып, үлкен ой тастады.
— Біздер бүгінде алиментпен арпалысып, құқық қорғау орындары оның күрделі түйіндерін шешу жолында жүйеленген ағымға сай жұмыс істеуде. Менің бір нәрсені баса айтқым келеді: қордаланған мәселелерді шешуді тек заң салаларының иығына артып қоймай, онымен әр отбасы, әр азаматтан бастап бүкіл қоғам болып күресу керек. Сонда ғана біз қазіргі күрделенген мәселелерді жылдам әрі орнықты етіп шешуге қол жеткіземіз. Тағы бір нәрсені баса айтқым келеді.Біз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, жақсы адами қасиеттерді өн бойына жинақтаған қастерлі ұлттың ұрпақтарымыз. Әр ошақтың түтіні түзу шығып, ұрыс-керістің емес тұғырлы татулықтың берекесін келтіріп, намысымызды жоғалтпай, ар алдында асқақтығымызды ортайтпауды көбірек ойлап, сол игілікті істің аясында жақсы жаққа қарай ойысуымыз керек,–деді облыс прокуроры пікірін тұжырымдап.
Жиын соңында қоғамдық Кеңес мүшесі Х.Абышева қазіргі таңдағы өмір ағымына кереғар орын алып отырған күрделі мәселелерді ел заңдарының аясында тиімді шешу турасында өзінің орнықты пікірін білдірді.

Қайрат Балабиев,
«Нұр Отан» партиясы ОҚОФ жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық Кеңестің төрағасы, ОҚ облыстық мәслихатының депутаты.