БҰҒАН КІМ КІНӘЛІ?
Әдемілікті ұнатпайтын пенде бола ма? Алайда сол әдемілікті орнату өзіміздің қолымызда екенін бәріміз бірдей ұғына бермейтініміз қынжылтады. Әдемі болу түр-келбетке ғана қатысты емес. Адамның адамға әсер етуінде мінездің де орны бар. Жаман мінез жаман қоғамның орнауына ықпал етеді. Сыпайы мінез, мәдениеттілік те — әдемілік. Тарихы тереңінен сыр шертетін Шым қаламыздың көркеюі осында өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың іс-әрекетіне тығыз байланысты. Бұлай деуге не себеп дерсіз? Мен қала орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрамын. Алғаш көшіп келген жылы үй маңы мұнтаздай тап-таза, тұрғындар тату-тәтті еді. Сол жылдары еліміз дағдарысты бастан кешіріп, қалада су, газ, жылу, жарық мәселелері ушығып тұрған болатын. Соған қарамастан адамдар бірі-бірімен «шәй» деспей, қиындықты жеңіп шықты.
Ал қазір ше? Қазір газ, су, жарық, жылуда айтарлықтай шырмалып тұрған мәселе жоқ. Бірақ орталықтағы үйлердің бәрі пәтерді жалға берушілердің ордасына айналып, бұрынғы тұрғындар жеке пәтерлерін жалға беріп қойған. Өзінің жеке меншігі болмағандықтан онда тұратын студенттердің, жас отбасылардың өзі уақытша болса да тұрып жатқан үйдің сырт келбетіне жаны ашымайды. Үйінен шыққан қоқысын тиісті орынға апарып тастамастан, кез-келген жерге, тіпті адамдар күнделікті өтетін жолдарға тастай салады. Өткен жылы обалы не керек, өкімет көптеген көпқабатты үйлердің аулаларына жөндеу жұмыстарын жасап берді. Енді бәрі дұрысталатын шығар, қаламыз «әдемі қала» атағын иеленетін шығар деп үміттеніп-ақ едік. Ол үмітіміз ақталмады. Оған әрине, бірінші үй тұрғындарының өздері кінәлі. Өкіметтің жасап берген орындықтарын, ойын алаңшаларын бұзып, сындырушылар басқа жақтан келмейді. Ауласындағы затқа жанашырлық танытып, көздің қарашығындай күтіп ұстауды өздерінің міндеті түсінбейді. Әсіресе, жастар жағы. Олардың дөрекі мінезі мен дарақы сөйлеу мәдениетін, жағымсыз қылықтарын көріп, сол жастарды тәрбиелеген орталар, білім ошақтары мен жоғары оқу орындары беріп жатқан тәрбиесінің нәтижесіне қалай қанағаттанып отыр екен деп ойланамын. Тек олар ғана емес, ата-аналар да ізін жалғар ұрпақтың жүріс-тұрысына бір сәт ойланар ма екен? Сөзімізге қарасақ, біз бір «жұмақ мекенде» ғұмыр кешіп жатқандаймыз, бізде бәрі демократия, бәрі керемет! Алайда «өтірік пен шындықтың арасы небәрі төрт-ақ елі екенін» күнде сан мәрте көресің де, іштей «ойпырмай, бұл өмірдің жалғандығы осы ма екен»,- деп түңілесің.
Елбасымыз Н.Назарбаев «Жастар-еліміздің болашағы» деп айтудан шаршаған емес. Ендеше, ұлт көшбасшының сол сенімін жастардың тек бір тобы ғана емес, бәрі бірдей жан-жүрегімен сезініп, түйсіне алмай, неге кері кеткендер саны күннен-күнге өсуде? Бұған кім кінәлі?
Ж. ҚҰЛМАХАНБЕТ,
Шымкент қаласы.