АҚ ХАЛАТТЫЛАР МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫП БОЙЫНША БАС ҚОСТЫ

Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады. Осы орайда, сыбайлас жемқорлық деректері көрініс беретін салалардың қатарына медицина да жатады. Жасыратыны жоқ, тұрғындар тарапынан аталған бағыттағы құқықбұзушылықтар турасында жиі шағым түсіп жататыны бар. Жалпы мұндай құқықбұзушылықтардың жиілеуі азаматтардың салаға ғана емес, күллі мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіреді. Сондықтан әуелгілерден болып денсаулық сақтау ісіндегі заңсыздықтарды тарқата баяндап, өзекті түйін болса, тарқату аса қажет. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асып келе жатқан жұмыстардың қатары қалың десек, артық айтпаған болар едік. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында кеңірек ақпарат бере кетпекпіз.

Жалпы медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Өзгені былай қойғанда, бір ғана Түркістан қаласында тың бастамалар көтеріліп, жүзеге асып келеді. Бұған дейін облыстық әкімдік тарапынан дәрігерлердің біліктілігін арттыруға басымдық берілген болатын. Міне, осы бастама арқылы түркістандық қаншама дәрігер әлемнің озық клиникаларында білімін толықтырып, тәжірибе алмасып қайтты. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Бұл ғана емес, медициналық мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, заманауи материалдық-техникамен қамту ісі де назардан тыс қалған емес. Жалпы күллі республика ауқымында медицинаның әлеуетін арттыру шаралары үнемі бақыланып келеді. Оның ішінде Түркістан қаласында ұйымдастырылып жатқан бастамалардың қатары қалың. Бұдан бөлек, медициналық қызметтің сапасы үнемі қадағаланып отыр. Осы орайда, жуырда Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті №1-медициналық-әлеуметтік сараптама бөлім басшысы Б.Искаков, бас маман К.Жаханов Түркістан қаласының барлық емханаларының дәрігерлік-консультативтік комиссия төрағаларымен бірлесіп, кеңейтілген семинар кеңес өткізді. Күн тәртібінде бірнеше маңызды бағыт бойынша қолға алынған бастамалар мен мәселелер жайы талқыланды. Сонымен қатар №1 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің 2024 жылғы 7 айдағы есебі бойынша сырттай куәландырудың пайыздық үлесін Республикалық көрсеткіш деңгейіне жеткізу жұмыстары қаралды. Жиында сөз алған спикерлер Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Саладағы жұмысты жандандыру һәм сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша заң талаптарын тарқатты. Жуырда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жүктеген міндеттер түсіндірілді. Жиын барысында Түркістан қаласынан орын тепкен ауруханалардың дәрігерлік-консультативтік комиссия төрағалары тарапынан тақырып турасындағы ұсыныстар мен өзекті мәселелер айтылды. Бұл сауалдарға спикерлер толыққанды жауап беріп, ақ халаттылардың жұмысын жетілдіре түсу заман талабы екенін алға тартты.

Айта кету керек, бұған дейін елімізде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Қызмет құзыреті бойынша Тәртіптік кеңесі Қазақстан Республикасының «Сыйбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Әдеп кодексі талаптарының сақталуын қадағалап, аталған заңнама мен кодекс талаптарының бұзылуына жол берген қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарау белгіленген. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.