ШАХМАТ ОЙЫНЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ДАМЫТУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

20
0

Жастар арасындағы мәдениет деңгейін анықтау үшін олардың бос уақытты қалай өткізетінін зерттеу керек. Бос уақыт жеке тұлғаның қалыптасуына әсер етеді, адам хобби арқылы қоғамдық өмірге және жалпы мәдениетке араласа бастайды. Жастар өзінің қажеттіліктері мен құндылық бағдарына қарай бос уақытты өткізудің алуан түрін таңдайды. Жастардың бос уақыты құрылымындағы ең танымал іс-әрекет – айналасымен байланыс. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта интернет беттері түрлі кеселді дүниелердің жарнамасына толып тұр. Олардың алдын алу – басты міндет. Сондықтан да елімізде түрлі кеселді дүниелерден өскелең ұрпақты қорғау мақсатында бос уақытты тиімді ұйымдастыру тетіктері қарастырылып жатыр. Оның ішінде Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту ісі қарқын алған. Бұл ғана емес, жастарды бәсекеге қабілетті, білімді, интеллектуалды ету бойынша шахмат ойынына басымдық беру ісі де кенже қалып жатқан жоқ. Жуырда үшінші мегаполисте маңызды шара ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында кеңірек тарқатпақпыз…

Шымкентте Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен, KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған шахмат фестивалі өтіп жатыр. Іс-шаралар аясында 29 қазанда ашылатын 2024-2025 жылғы ФИДЕ әйелдер Гран-приінің 2-ші кезеңі, 2024 жылғы Қазақстан Балалар Кубогының 6-шы кезеңі – В.В. Печерский Мемориалы және Шымкенттің 1-ші Ашық Кубогы қатар өткелі тұр. Қос кубоктың ашылу салтанаты Көрме орталығында өтті. Мерекелік жиынға KazChess федерациясының басшылығы, шахмат сүйер қауым қатысты. Әр жарыстың 9 туры осы орталықта 1 қарашаға дейін күн сайын өтеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілер арасында блиц-турнир де ұйымдастырылмақшы. «Федерация еліміздің барлық өңірінде шахмат спортын кеңінен таратуға ұмтылады. Шымкентте әлемнің үздік шахматшыларының қатысуымен халықаралық әйелдер турнирін өткізу арқылы Қазақстанның дүниежүзілік шахмат аренасындағы орнын нығайтпақпыз. Сондай-ақ Балалар Кубогының финалы алдындағы кезеңді және маңызды айналма турнирді ұйымдастыру – осы зияткерлік ойынға қызығушылық танытатын жастардың қатарын арттыруға жол ашады», — дейді өз сөзінде KazChess вице-президенті Марат Есенов.  Шымкенттің 1-ші Ашық Кубогы – KazChess өткізетін 2024 жылғы гроссмейстер (GM) және халықаралық шебер (IM) нормалары бойынша айналма жүйемен өтетін 10 турнирдің бірі. Мұнда 10–12 ойыншы, соның ішінде ұлттық құраманың мүшелері мен шетелдік шахматшылар бақ сынауда. Шымкент Кубогына 4 шетелдік гроссмейстер: Израильден Евгений Алексеев, Грузиядан Леван Панцулая, Өзбекстаннан Саидали Юлдашев және Беларусьтен Алексей Фёдоров қатысуда. Жас және өршіл үміткерлердің арасында Шымкенттің халықаралық шебері Әбілмансұр Әбділқайыр, ФИДЕ шеберлері Бексұлтан Молдағали мен Лия Құманғалиева, сондай-ақ Қырғызстанның мықты шахматшылары бар. Турнирдің жүлде қоры – 3 млн теңге. Қазақстан Балалар Кубогының соңғы кезеңі саналатын бұл 6-шы турнирге 10 жасқа дейінгі және 14 жасқа дейінгі санаттар бойынша 291 жас шахматшы қатысуда. Ал, финалдық ойындар 19-26 желтоқсанда Алматыда өтеді. Жас шахматшылар сайысы талантты тәлімгер Вячеслав Владимирович Печерскийдің құрметіне арналды. Оның шәкірттері қатарында 2016 жылғы әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы Жұбан Биғабылов пен Қазақстанның рейтинг көшбасшысы, гроссмейстер Ринат Жұмабаев бар. Жалпы шахмат — бұл қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар миға арналған ерекше жаттығу. Шахмат стратегиялық ойлау, жоспарлау, шоғырлану, логика және проблемаларды шешу сияқты әртүрлі интеллектуалды дағдылардың дамуына ықпал етеді. Көптеген ғылыми зерттеулер шахмат ойыны интеллект пен когнитивті қабілеттің дамуына оң әсер ететіндігін дәлелдейді. Мемфис университетінің зерттеушілері жүргізген зерттеуге сәйкес, шахмат есте сақтау мен ден қоя білуді жақсартады. Сондай-ақ шахмат ойнау кезінде ми визуализация мен бейнелі ойлаудың қабілетін қолданады, сол арқылы нейрондар арасындағы байланыс нығайып, ақпаратты есте сақтау мен талдау қабілеті жақсарады. Массачусетс технологиялық институтының зерттеушілері шахмат ойыны шығармашылық ойлауды дамытуға көмектесетінін көрсетті. Шахмат тапсырмалары ойыншыдан әртүрлі жағдайларда жаңа идеялар мен шешімдерді табу қабілетін дамыта отырып, стандартты емес және ерекше шешімдерді табуды талап етеді. Жоғары деңгейлі шахматшылар да шахматтың интеллектіні дамытудағы пайдасы туралы өз пікірлерін айтады. Бұрынғы шахмат әлем чемпионы Гарри Каспаров шахмат оған қиын жағдайларда жүйелі ойлау, талдау және шешім қабылдау қабілетін дамытуға көмектескенін атап өтті. Ол шахмат тек ақыл-ой дағдыларын ғана емес, сонымен қатар шыдамдылықты, өзін-өзі тәрбиелеуді және өзіне деген сенімділікті арттыра отырып, мінезді де қалыптастыратынын айтады.