ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР ЖАЙЫ БАЯНДАЛДЫ

19
0

Қазақстанның кең байтақ жері мен әртүрлі табиғи ресурстары, мәдениеті мен этникалық құрамы еліміздің аймақтарының дамуына үлкен әсер етеді. Аймақтардың даму деңгейі әртүрлі болғандықтан, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі — аймақтарды дамыту. Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі аймақтарды дамытуға арналған бірқатар бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда. Экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін инвестицияларды тарту — маңызды бағыт. Қазақстанда шетелдік және отандық инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы экономикалық аймақтар құрылды. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жеңілдіктер мен салықтық ынталандырулар ұсынылады.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту — аймақтарды экономикалық тұрғыдан нығайтудың маңызды факторы. Мемлекеттік бағдарламалар, мысалы, «Бизнестің жол картасы-2025» арқылы кәсіпкерлерге қаржылық қолдау, бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша тренингтер, гранттар мен субсидиялар беріледі. Аймақтар арасындағы транспорттық байланыстарды жақсарту мақсатында автожолдар, теміржолдар, әуежайлар және логистикалық орталықтар салу жұмыстар жүргізілуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды дамыту — Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Сумен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету, электр энергиясымен қамту сияқты коммуналдық инфрақұрылымды дамыту — тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат бөлініп, жобалар жүзеге асырылуда. Мәдениет пен спорт саласындағы жобаларды қолдау — аймақтардың әлеуметтік тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді. Мәдениет үйлері, спорттық нысандар, шығармашылық топтарды қолдау арқылы жастарды дамыту және мәдени құндылықтарды сақтау мақсатында шаралар жүзеге асырылады. Қазақстандағы аймақтарды дамыту шаралары экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, мәдени және инфрақұрылымдық аспектілерді қамтиды. Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан бағдарламалар мен жобалар еліміздің барлық аймақтарының дамуына, халықтың өмір сүру деңгейінің артуына және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Аймақтарды дамыту — Қазақстанның болашағы үшін маңызды, себебі бұл процесте халықтың әл-ауқатын, тұрақтылығын және экономикалық өсуді қамтамасыз ету басты мақсат болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласына қарасты аудандарда бірқатар маңызды шаралар атқарылып жатыр. Шымкент қаласының Еңбекші ауданы 22 800 гектар аумақты қамтып, 228 830 тұрғыны бар. Ауданда 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан орналасқан. Мұнда 728 көше мен өткел, 2 саябақ, 3 гүлзар, 283 көпқабатты және 37 061 жеке тұрғын үй бар. Бұл туралы бүгін Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол Күздікбайұлы баяндады. Ауданның негізгі бөлігіндегі 29 шағынаудан мен тұрғын алаптар инженерлік жүйелермен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін аудан әкімінің аппараты маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда: Ауыз су 97%-ға қамтылған, электр жарығы: 99,8%, табиғи газ — 90,7%, кәріз жүйесі — 41%, асфальт жолдар — 73,1%-ды құрайды. 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес инфрақұрылым жүйелерін дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы «Жастар» көшесі мен «Қазығұрт» станциясы маңындағы 102 абонент және Оңтүстік-Жаңақұрылыс аймағындағы 989 абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта жобалау-сметалық құжаттаманы «Строительная группа «Архитектор» ЖШС әзірлеуде. Еңбекші ауданының инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруда. Шымкент қаласының Еңбекші ауданында инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту аясында электр желілері мен табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр. Аудан тұрғындарының қолайлы өмір сүруі үшін мемлекеттік және жекеменшік жүйелер арқылы инфрақұрылымдық қамту көрсеткіштері жақсартылуда. Досбол Күздікбайұлының айтуынша, ауданда электр жүйесімен қамту көрсеткіші 98,6%-ға жеткен. Оның ішінде мемлекеттік жүйе арқылы 98,6%, жекеменшік жүйе арқылы 1,2% қамтылған, ал жаңа құрылыс учаскелерінің 0,2%-ы әлі қамтылмаған. 2023 жылы Исфиджаб және Достық тұрғын алаптарындағы 1356 абоненттің жекеменшік жүйесіндегі электр желілерін ауыстыру мақсатында тиісті жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан оң қорытынды алынған. Одан бөлек, 9 трансформатор ауыстырылып, 16,7 шақырым электр желісі жаңартылды. 2024 жылы Қарабастау жаңа құрылысында 120 абонентке арналған жаңа желілер мен трансформаторларды орнату жоспарлануда. Аудандағы табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 90,7% құрайды. Оның 73%-ы мемлекеттік жүйеге, 17,7%-ы жекеменшік жүйеге тиесілі. Қамтылмаған 9,3%-ды қамту 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Шымкент қаласының Еңбекші ауданында кәріз жүйелерін дамыту, автожолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру бағытындағы маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар қолға алынды. Аудан аумағында кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 41%-ды құрайды. Алайда бұл бағытта бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Ұлағат шағынауданында 2248 абонентке арналған кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Құрылыстың кейбір бөліктерінде мәселелер туындап, оларды экономикалық тергеу департаменті тексеруде деді, — Досбол Күздікбайұлы. Сонымен қатар, Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді (175 пәтер) кәріз жүйесімен қамту жұмыстары аяқталды. Ал Базарқақпа тұрғын алабындағы Достық көшесіндегі 270 абонентті кәріз жүйесіне қосу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Ауданның жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көшесі бар. Жолдардың 73,1%-ы асфальтталған, 21,6%-ы тас жолдар, және 5,3%-ы топырақ жолдар болып табылады. Сондай-ақ, ауданда бүгінгі таңда 117 көше жарықтандырылған. 2023 жылы 28 көше жарықтандырылды, ал 2024 жылға жоспарланған 244 көшенің 129-ында жарықшамдар орнатылып, іске қосылды. Қалған 115 көшеде жұмыстар жалғасуда. Шымкент қаласының Еңбекші ауданында 2022 және 2023 жылдары спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, 2024 жылға жаңа жобалар жоспарлануда. Бұл бастамалар аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған. Қазіргі таңда Еңбекші ауданында 56 ашық спорт алаңшасы орналасқан. 2023 жылы аудан аумағында қосымша 7 спорт алаңшасы орнатылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Ал, 2024 жылға жоспарланған 8 ашық спорт алаңшасының 2-інде құрылыс жұмыстары басталып, қалған 6 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шаралары жүргізілуде. Еңбекші ауданы әкімінің аппараты 2024 жылы қосымша 5 гүлзар салуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар аясында мердігер мекемелермен келісім шарттар жасалып, жұмыс белсенді түрде жалғасуда. Еңбекші ауданындағы спорт алаңшалары мен гүлзарлар салу жұмыстары аудан тұрғындарына қолайлы орта жасауға және олардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар. Бұл жобалар алдағы жылдары да қарқынды түрде жалғасып, қала көркі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздейді. Айта кету керек,  Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, қаланы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 81 елді мекеннің 80-і сапалы ауыз сумен қамтылып, нәтижесінде, 37 мыңға жуық адам ауыз су жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Осыған орай, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 98,5%-дан 99%-ға артты. Ендігі кезекте, 2024 жылы қаланың ауыз сумен қамтылмаған қалған елді мекендерін толық ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Осыған орай, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ды құрайды. 2023 жылдың қорытындысымен шағын аудандар және көпқабататты тұрғын үйлермен қоса 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 60%-дан 65%-ға өсті. Сонымен қатар 2024-2025 жылы 6 шағын ауданның кәріз жүйесіне жобалау сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда. Электр жүйесі бойынша 81 елді мекен толық әрі сапалы электр қуатымен қамтылған. Нәтижесінде, 22 мыңға жуық адам сапалы электр жүйесіне қосылуға мүмкіндік алып, қамту деңгейі 98%-дан 99%-ға өсті. Сонымен қатар 2024 жылы 4 елді мекеннің жаңақұрылыс аумақтарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын 2024-2025 жылдары атқару жоспарланған.  54 елді мекен табиғи газбен қамтылған, 24 елді мекен көгілдір отынмен жартылай қамтылған. Қазіргі танда табиғи газдын көрсеткіші 96%-ды құрап отыр. 2024-2025 жылы табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткішін 97,4%-ға жеткізу жоспарлануда. Биыл жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында, 8,7 км жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2 нысан бойынша (Адырбеков, Нұрсат) 4,5 км жылу жүйелеріне реконструкциялау жұмыстарын жүргізу жоспарланып, жыл қорытындысымен 1 нысанның (Нұрсат) құрылыс жұмыстары аяқталды. Осыған орай, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2076 көпқабатты тұрғын үй және 464 бюджеттік мекеме тұрақты жылумен қамтамасыз етілді. 2024-2025 жылы жылу жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету және тозу деңгейін төмендету мақсатында 30,0 км жуық жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. Мегаполис аумағындағы заңсыз берілген жерлерге қатысты айтар болсақ, бүгінде дейін игерілмеген, нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе тиісті құжаттары ресімделмей пайдаланылған жер телімдері анықталды. Осыған байланысты 460 жер телімін құзыретіне сәйкес тексеру үшін Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаментіне 53 хат жолданды. 2024 жылдың 8 айында Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаментіне 131 жер учаскесі бойынша басқарма құзыреті шегінде қарау үшін тиісінше 20 хат жолданды.