ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ЖЕТЕ СЕЗІНБЕУ-ОРНЫ ТОЛМАС ӨКІНІШКЕ ҰРЫНДЫРДЫ

388
0

«Шымкент мұнай өнімдері» ЖШС-інде күзетші болып қызмет атқаратын төрт перзенттің әкесі Дарыг Степан 2009 жылдың қазан айының 2-ші жұлдызы күні 16 сағат 30 минут уақыт шамасында өз міндетін атқару кезінде қапияда көз жұмды. Жан басы мол, үлкен отбасыны асырап отырған атпалдай азаматтың дүниеден өтуіне себепкер болған оқиға былайша өріс алған.

Марқұм Степан Дарыг «Шымкент мұнай өнімдері» ЖШС-нің «РВ» №1 блогының іргесіне орын тепкен бекетте міндетін атқарып тұрған сәтте Серік Жанабектің басқаруындағы X 918 YZM санбелгілі цистерна тіркелген «Камаз 5320» автокөлігімен тысқа қарай беттеген. Осы мезетте Камитов Мансұрдың басқаруындағы «КазТрансОйл» АҚ-ына қарасты X 664 Ap санбелгілі «Урал» тіркемелі көлігі ішке кіруге әрекеттенген. Өзін тоқтатпақ болған күзетшіні көрмеген ол алға қарай екпін ала берген. Осылайша қас-қағым сәтте Степан Дарыг екі көліктің арасында қалып, қаза тапты. Иә, өкінішті-ақ жәйт. Салғырттықтың салдарынан орын алған ауыр қайғы. Бұл оқыс оқиға қызметтік нұсқауды сақтамай, қауіпсіздік шарасын қолданбауы салдарынан болған жәйт деп саналып, М.Хамитов пен С.Жаңабековтың үстінен ҚРҚІЖК-нің 37 бабының 1- бөлімінің 2-тармақшасына сай қылмыстық іс қозғау тоқтатылды. «ҚазТрансОйл» АҚ-ы мен «Шымкент Мұнай өнімдері» АҚ-нан бірдей етіп марқұмның жұбайы Дарыг Лейланың пайдасына материалдық шығын ретінде 564192 теңгені, моральдық залал ретінде 50 мың теңге өндіруге әрі марқұмның балаларына кәмелеттік жасқа толғанша ай сайын 23 508 теңге төлеп тұруға Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық соты шешім шығарды.

Гүлмира ШАЙБЕКОВА,
Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы.