РАМАЗАН – МЕЙІРІМ МЕН БЕРЕКЕНІҢ АЙЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің ғұламаларымен келісе отырып, биылғы Рамазан айының басталуын 1 наурызға белгіледі. Қасиетті Қадір түні 26-нан 27-наурызға қараған түнге сәйкес келеді, ал 30 наурыз – Ораза айт мерекесі. Осыған орай бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы Абдурахмановтың қатысуымен “Рамазан айына дайындық” тақырыбында брифинг өтті.
Жалпы, балиғат жасына толған әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – міндет. Алайда жолаушылар, науқастар, жүкті немесе емізулі баласы бар аналар оразаны кейінге қалдыруына рұқсат берілген. Ораза – тек ішіп-жеуден тыйылу емес, ол рухтың азығы, тәннің шипасы, сабыр мен нәпсіні тізгіндеудің мектебі.
Қайырымдылық пен мейірім айы
Рамазан – тек өзімізді емес, өзгелерді де ойлайтын ай. Сондықтан мұқтаж жандарға қолдау көрсету, қайырымдылық жасау – сауапты істердің қатарында. Бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті айда түрлі игі бастамаларды жүзеге асырады. Кәсіпкерлерді азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға, қоғамдық тамақтану орындарын ауызашар мәзірін қолжетімді етуге шақырады. Сондай-ақ, құдайы астарды ауызашар уақытында өткізу сауапты іс саналады.
Оразаға қатысты жаңашылдықтар
Ақпараттық технология дамыған заманда діни сауатты арттыру мақсатында бірнеше жобалар іске қосылды. Атап айтқанда:




Тілге құрмет – дінге құрмет
Қасиетті айда жастарды діни терминдерді қазақша қолдануға шақырамыз. Бабаларымыз ғасырлар бойы ауызашар, сәресі сөздерін пайдаланған. Сол дәстүрді жалғастырып, ифтар немесе сухур секілді кірме сөздерден арылғанымыз жөн.-деді Бақдаулет Нұрматұлы.