БЫЛТЫР НӘРЕСТЕ ӨЛІМ-ЖІТІМІ 8,3 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕДІ

19
0

Қазақстандағы балаларға медициналық көмектің сапасын жақсарту жөніндегі кешенді шаралар 2024 жылы нәресте өлімінің көрсеткішін 8,3%-ға төмендетуге мүмкіндік берді, ал неонаталдық өлімнің деңгейі 19%-ға төмендеген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ведомство алқасының кеңейтілген отырысында айтты. 

— Қазақстан орталық Азиядағы реанимация бөлімшесіндегі бір нәрестеге бір мейіргер күтім жасау керек деген маңызды қағиданы неонаталдық көмек стандартына енгізген бірінші және жалғыз ел, — деді А.Әлназарова.

Бала өлімі құрылымында бірінші орын алатын туа біткен даму кемістіктерін азайту мақсатында еліміздің 13 өңірінде 15 «Бір күндік клиника» құрылды, онда 50 мың жүкті әйел зерттеп-қараудан өтті.

Нәтижесінде туа біткен ақаулардың ерте анықталуы 10%-ға өсті. Алғаш рет ұрықтың патологиясын аз инвазивті әдістерді қолдана отырып, жатырішілік емдеу үшін «Феталдық медицина» енгізілді.

— Жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығы 2024 жылдың қорытындысы бойынша сәбилердің өмір сүру деңгейін 88%-дан 93%-ға дейін арттыруға және ТДК-ден сәбилер өлімін 15%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін барлық өңірлерде бір күндік емханалар құруды аяқтау қажет, — деп атап өтті ведомство басшысы өңірлік алқа қатысушыларына арнаған сөзінде.