ЕЛІМІЗДЕ ҚАЙ МАМАНДЫҚТАРҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ?

Еңбек нарығында заңгерлік мамандыққа жоғары сұраныс жоқ. Бұл туралы ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова мәлім етті.

Айта кетейік, бүгін Сенатта заң білімін дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында заңгер мамандығына мемлекеттік грантың үлесі өте аз болғандықтан, көбісі ақылы негізде оқуға мәжбүр екені айтылған еді.

— Мемлекеттік гранттар бөлінген кезде, олардың саны бірінші кезекте нарықтағы сұранысқа орай қалыптасады. Жыл сайын Еңбек министрлігі бізге қажет мамандардың санына қатысты мәліметтерді беріп тұрады. Осы ақпаратқа сүйенсек, қазір және алдағы бес жылда біздің экономикаға көбіне техникалық бағыттағы мамандар мен педагогтер, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы мамандары қажет. Ал заңгерлерге соншалықты жоғары сұраныс жоқ, — деді Г.Көбенова.

Оның айтуынша, қазір ақылы негізде оқитын студенттерге жоғары оқу орындары оқу ақысын өздері белгілейді.

— 2023 жылдың көрсеткішін қарасақ, заңгерлік мамандықты тәмамдағын түлектердің 72 пайызы өз саласы бойынша жұмысқа орналасқан. 2024 жылы оқуды аяқтаған түлектердің көрсеткіші биыл жазда нақты белгілі болады. Бүгінгі талаптар бойынша, биыл оқуды бітірген студенттің бір жыл ішінде жұмысқа орналасуы жағдайына талдау жасаймыз. Заңгерлік бағытында мемлекеттік грантпен оқығандардың көбісі өз мамандығымен жұмысқа орналасып жатыр, — деді комитет басшысы.