ШЫМКЕНТТЕ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ИНКЛЮЗИВТІ СПОРТ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

39
0
Шымкент қаласында ерекше балаларға арналған спорт мерекесі өтті. Биыл Астанада өтетін Children Paralympic Games инклюзивті спорт фестивалінің іріктеу кезеңі аясында ұйымдастырылған бұл іс-шарада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар өз мүмкіндіктерін паш етті.
Іс-шара Шымкент қалалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің базасында ұйымдастырылды. Айта кету керек, марапаттау рәсімі «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының «Саламатты Шымкент» жобасы аясында өткізілді. Жоба Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Шымкент қаласы әкімдігі Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жүзеге асып келеді.
«Барлығына арналған спорт! Шекарасыз спорт!» ұранымен өткен бұл іс-шара елдегі инклюзивті және бейімделген спортты дамытуға бағытталған кең көлемді жұмыстардың бір көрінісі.
Елімізде 2018 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы бүгінде 1100-ден астам ерекше баланы қамтып отыр. Ал Шымкент қаласында жоба бес жылдан бері тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Қазір бұл жоба аясында жүзден аса бала бес түрлі спорт секциясында жаттығып жүр.
«Тең мүмкіндіктер әлемі» қорының Шымкент қаласы бойынша үйлестірушісі Бибігүл Жүністің айтуынша, бұл жоба спорттық бастама болумен қатар, ерекше балалардың дарынын ашуға, олардың қоғамға бейімделуіне және өз қабілеттерін көрсетуіне арналған үлкен алаңға айналды.
«Бүгінгі марапаттау рәсімінде біз таэквондо мен жүзу секцияларында ерекше жетістікке жеткен спортшыларымызды атап өттік. Бұл балалар болашақта республикалық, тіпті халықаралық аренада ел намысын қорғайтынына сенімдіміз. Жоба аясындағы жарыстардың жеңімпаздары 2025 жылдың 26-28 маусым күндері Астана қаласында өтетін республикалық деңгейдегі фестивальге жолдама алды. Іс-шараға еліміздің 22 қаласынан ерекше спортшылар қатысады деп жоспарланып отыр. Шымкенттен осы сайысқа 50-ден астам бала аттанады. Олар таэквондо, жүзу, каратэ, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлерінен бақ сынамақ», дейді ол.
Сонымен бірге Бибігүл Жүніс бұл жетістіктерге жетуге үлес қосқан әлеуметтік серіктестеріне алғысын білдірді. Әсіресе №1 мамандандырылған спорт мектебі, Golden Fish жүзу орталығы, Шымкент жоғары спорт шеберлігі мектебі және олардың басшылары мен жаттықтырушылары оларға тұрақты қолдау көрсетіп келеді екен. Олар қорға спорт залдарын тегін ұсынып, уақыт бөліп, барынша қолайлы жағдай жасап келеді екен.
Шымкент қаласындағы №1 мамандандырылған спорт мектебінің басшысы Мұхтархан Ділдәбековтің сөзінше, іріктеу жарыстары барысында балалардың спортқа деген қызығушылығы мен әлеуеті назарға алынған. Бұл – үлкен спорттық мереке ғана емес, балалар үшін өз-өзіне сенім артып, биікке ұмтылуға берілетін керемет мүмкіндік. Қазір Шымкент қаласында паралимпиадалық спорт бағыты да тұрақты дамып келеді екен. Жоба аясында жаттыққан бірнеше жас спортшы бүгінде Қазақстан чемпионаттарында жүлдегер атанып жүр.
Спорт мектебінің басшысы «Қазір Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Паралимпиада» атты фестиваль өтіп жатыр. Осы шараға байланысты бүгін біріктірілген мәжіліс те өтті. Фестиваль аясында 4-5 спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Біз балалармен бірге осы жарыстарға қатысып, олардың спортқа деген қызығушылығын, қабілетін көрдік. Өте тамаша әсер алдық. Бұл жарыстар 24-25 сәуір күндері Астанада өтеді деп жоспарланған. Соған дайындық ретінде іріктеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі шараға 13-14 бала қатысты. Денсаулығына байланысты келе алмаған балалар да бар. Сондықтан Астанаға нақты қанша бала баратыны 4-5 күн қалғанда белгілі болады.
Бұл фестиваль жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Қазіргі жарыс республикалық деңгейде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үлкен спорттық шара. Бұл балаларға жағдай жасалып, бейімделген жаттығулар өткізіледі. Бокстан бөлек таэквондо, каратэ, еркін күрес, грек-рим күресі және жүзу сияқты спорт түрлері қамтылған. Біз әртүрлі мектептер мен мекемелерде, спорт залдарында оларға жарты сағаттан бір сағатқа дейін уақыт бөліп, жаттығу өткіземіз. Бүгінгі жарыс сол еңбектің нәтижесін көрсетіп отыр», деді ол.
Осы күні халықаралық және республикалық деңгейде Шымкент қаласынан шыққан паралимпиадашылар бар. Олар бүгінде Шымкенттің атын шығарып, абыройын арттырып жүр.
Іс-шара соңында фестиваль қатысушыларына арнайы марапаттар табысталып, инклюзивті хореография және таэквондо өнер көрсетулері ұсынылды. «Бұл тек жарыс емес, бұл – рух, табандылық пен өз күшіне деген сенімнің мерекесі. Әрбір қатысушы – өз алдына жеңімпаз!» деп түйіндеді ұйымдастырушылар.