ҚАЙ ӨҢІРЛЕРДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ӨЗГЕРДІ?

Ұлттық банк еліміздің өңірлеріндегі баға өсімінің ең жоғары және ең төмен деңгейлерін есептеді. Ең жоғары азық-түлік бағасының өсуі Ақмола облысында. Ең төмен өсім Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында тіркелді. 

Наурызда елде жылдық инфляция үдеп (ақпанда — 9,4%), 10,0% болды. Жылдық инфляция 16 өңірде жеделдеп, 4 өңірде баяулады.

Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Астана қаласында тіркелді — 13,3%.

— Наурызда азық-түлік тауарларының бағасы 7,6%-ға дейін қарқын алды (ақпанда — 6,5%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Ақмола облысында (10,6%) ең жоғары, ал Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында (6,3%-дан) мейілінше төмен өсім көрсетті. Наурызда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны ж/ж 9,1%-ға дейін жеделдеді (ақпанда — 8,7%). Ең жоғары мән Түркістан облысында (15,2%), ең төмен мән Алматы облысында (5,8%) тіркелді, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Наурызда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 14,3%-ға дейін жеделдеді (ақпанда — 14,1%). Сонымен қатар баға Батыс Қазақстан облысында (19,1%) жалпы республикалық деңгейден айтарлықтай жоғары, Павлодар облысында (7,2%) едәуір төмен өсім көрсетті.

Наурызда айлық инфляция елде 1,3%-ға өсті.