ЖАҢА ТОЛҚЫНҒА ТЫҢ БАҒЫТ ПЕН АЙҚЫН БАҒДАР

Шымкент қаласындағы Ж.Тәшенев атындағы университет жастарымен тағылымды басқосу өтті. Жиынның басты мақсаты – жастар арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыру және әлеуметтік жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар елге адал қызмет ету, туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту, патриоттық тәрбиені күшейту, тұлғааралық даулы жағдайларды мәдени жолмен шешу дағдыларын дамыту, діни білімді дұрыс арнада қалыптастыру мәселелері де назардан тыс қалмады.
Аталған кездесуге Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, этномедиация кеңесі төрағасының орынбасары, кәсіби медиатор Юлдузхан Каршибаева, ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшесі, Ж.Тәшенев атындағы университеттің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ғалымжан Битұрсын, сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің инспекторы Бақдәулет Нұралы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Тыныштық Байманова қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды.
Кездесу барысында этносаралық татулық, жалпыұлттық келісім, жастар тәрбиесі, ақпараттық қауіпсіздік пен медиа сауаттылық тақырыптары кеңінен талқыланды. Сонымен бірге деструктивті идеологиялардың алдын алу, рухани иммунитет қалыптастыру және жастардың саналы әрі бейбіт көзқарасын дамыту жайы да сөз болды. Спикерлер жастарды белсенді болуға, елдің қоғамдық-саяси өміріне атсалысуға, толеранттылық пен өзара құрметті берік ұстануға шақырды.
Шара аясында студенттер мен жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Кездесу ашық форматта, еркін әңгіме алаңында өтті.