ШЫМКЕНТ: АППАРАТ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

38
0
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде 2024-2025 оқу жылының аяқталуы, бұқаралық спортты дамыту жоспарлары және ономастикалық атау беруде, аурулардың алдын алуда, бастапқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды.
 Білім басқармасының басшысы Г. Сүлейменова оқу жылының аяқталуына орай нысандарды ағымдағы жөндеу, жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Биылғы оқу жылының аяқталу мерзімі 23 мамырға белгіленуде. Бүгінде жалпы 290 мектепте 271 316 оқушы білім алуда. Аттестат тапсыру рәсімі мектеп қабырғасында өтеді. Сондай-ақ 240 516 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған.
Қала басшысы жауаптыларға ең алдымен бюджет қаражатын тиімді жұмсауды ескертіп, білім нысандарын жөндеу, жылу жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарын мерзімінде, талапқа сай жүргізуді қадағалауды тапсырды. Оқушылардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруда нақты тапсырмалар берілді.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы М. Мықтыбеков бұқаралық спортты дамыту, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Қалада жалпы 35 спорттық ұйым жұмыс істеуде. Қазір 61 спорттық іс-шара жоспарланған.
Ғабит Әбдімәжитұлы мемлекет меншігіне қайтарылған спорт нысандарын және өзге де орталықтарды халыққа қолайлы ету мақсатында қалпына келтіру жұмыстарын сапалы атқаруда тапсырма берді. Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Б. Орынтаев ономастикалық атау беру жұмыстарын баяндады. Бүгінгі таңда қала аумағында 3545 көше анықталды. Оның 2444-і тарихи жер-су, дәстүрлі атаулармен берілген, 1069 көше кісі есімдерімен аталады. Қала әкімі сала басшысына көшелерге атау беруде мағыналы, тарихи маңызы бар атауларға басымдық беруді ескертті. Мерекелік іс-шараларға дайындық жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды тапсырды.