Таңдау неге Тасмағамбетовке түсті?

340
0

Күні  кеше «Жас Алаш»  газетін  оқып отырып, ресейлік  сәуегейші  журналистің Қазақстанға емешегі  езіле  әрі бірді-бірге  айдап салмаққа  әрекеттенген   мақаласына  аса мән  бере  қоймап едім. «Ит  үреді, керуен  көшеді», айдаладағы  орыс ойына  келгенін  жазғанда  не өзгерер  дегенмін.
Ол сәуегей  Қазақстанда  билік басындағы   кіші  жүздердің қатты қысым  көріп  жатқанын, Жаңаөзендегі  қанды қырғынның артында  АҚШ-тың тұрғанын  оттап,  ортаға  шоқты   тастап, Аслан  Мусиннің, Иманғали Тасмағамбетовтің     «жыртысын» жыртпаққа   тырысып бағыпты. Билік басында  жүрген  кіші  жүз  өкілдерін  түгендей кетуді   де  ұмытпаған. Дәл осымен  қабаттас  Қазақстанның  өзінде  жалпақ  жұртқа  «Назарбаевтың ізбасары туралы» үндеу жария болды. Осы  екеуінің  арасында  бір  байланыс  жатқан  жоқ па, дегендей ойға қалдық.Н.Назарбаевқа  жазылған   үндеуге  150 зиялы қауым қол қойған. Онда Астана  қаласының  әкімі  Иманғали  Тасмағамбетовті  жаңа саяси  жетекші ретінде  қолдауды өтіне  келе: «Тәуелсіздігіміздің  баянды  болуын  аңсаған  халықтың  үмітін  ақтайтын  тұлғалар шеттеу көріп, есесіне  кертартпа  күштерді арқа тұтқан  шенділер Ақорданы  маңайлап алды, олардың  билікті  басып алуға  белсене  кірісіп кеткен сыңайы  байқалады. Ел болашағын  бұлыңғыр етіп тұрған  осы жағдайда  Астана  қаласының   әкімі  Иманғали  Тасмағамбетовті жан-жақты қолдау  қазіргі  өтпелі кезең тұсындағы қауіп-қатердің  қара бұлтын  сейілтетіні   анық. Себебі,  мемлекеттік   қызметтің   барлық  сатысынан  өткен Иманғали  Тасмағамбетов  өзіне сеніп тапсырылған жұмыстың бәрін  тиянақты әрі  мүлтіксіз  атқарып  келеді» дейді  жазғыштар.
Елді елең еткізген  осынау үндеу хаттың  аяғында: «Тарихтың сын  сағаты туған осы бір  өткелде  жол жалғастырар азаматын іздеген халық ықыласының лебін  Иманғали Тасмағамбетов пен қазіргі көшбасымыз Нұрсұлтан  Назарбаев сезінуі қажет-ақ. Әрине,  Қазақстан билігінің  қашан ауысатынын әзірше ешкім айта  алмайды. Десек те, біз Қазақстанның  қазіргі көшбасшысынан  тәуелсіз  елдігімізді  мәңгілікке баянды ететін  таңдауды  осы  бастан жасап қоюын  өтінеміз және   сын сағат  туа қалған жағдайда  барша  халықты   қазақ  елінің  болашағы  үшін Иманғали   Тасмағамбетовке  қолдау  білдіріп, азаматтық  ұстаным  танытуға  шақырамыз» деп, елдің болашақ  президентіне  Тасмағамбетовті  лайық  көреді.
Хатқа  қол  қойғандар  мүйіздері  қарағайдай,  елге  танымал  тұлғалар.
Арасында  Мұқтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Оразалы Сәбден, Темірхан   Медетбек, Мұзаффар Әлімбаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Асылы  Осман, т.б. бар. Бір қызығы, осы үндеу хатқа қол  қойғандар  мұндай  хатты  көрмегендерін де, қол қоймағандарын да  айтып, шыр-пырлары шығуда. «Бұл- арандатушылық, мұны қасақана  біреулер  ұйымдастырып  отыр. Сыртымыздан  қол  қойғандардың  кімдер екенін  тауып, сотқа беру керек»  дейді үндеу хатта  аты-жөндері көрсетілгендер.
Қалай десек те, Қазақстанда  тақ  таласының  науқаны  жүріп жатқандай. Бұған  елімізден  тыс, сыртқы  күштер де  қамтылғандай. Бірақ  неге  Тасмағамбетовке  таңдау   түсіп тұр,   әлде бұл Елбасыға  Иманғалиды   жеккөрінішті  ету мақсатындағы  «кландардың»  әрекеті ме? Ал бұдан  қысқа мерзімдегі   демалыста   жүрген  Н.Назарбаев  хабардар  ма, болса қандай пікірде?  Әйтеуір, «саяси ойын» қызып тұр. Бұл ойын  қашан аяқталады, нәтижесі  қандай болмақ, оны  уақыт көрсетер.