Қасымов «қышыған жерге» дөп тигізді
Парламент сенатының алқа отырысында сенатор Ғани Қасымов көпшілігіміздің көкейімізде жүрген түйткілді мәселеге өзге әріптестерінің көңілдерін аудартып, шынымызды айтсақ, «қышыған жерге» дөп тигізген түйдек-түйдек сөздеріне риза болдық. Басқалар айта алмағанды генерал айтып, айызымыз бір қанды-ау.
«Бізде 2011, 2012 жылдары әр жылы 0,5 трл.теңге игерілмей қалды. Оның ішінде 50 пайызы тікелей ұрлық, бюджет қаражатын жымқыру, ол туралы ашық айтуға қорқамыз», — деді Ғ. Қасымов үкімет пен республикалық бюджеттің орындалуына бақылау жасайтын есеп комитетінің 2012 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін талқылау барысында. «Біз жол учаскесін аламыз – 26 млн. доллар. Тараз бен Жібек жолында осыны ратификациялаймыз, ал сол кезде 5 және 7 млрд. долларлық мұнай келіссөздері жүріп жатқанын Парламент те, ешкім білмейді. Шенеуніктердің қалауы бойынша, кейін одан мемлекет, бюджет зардап шегеді» дейді Қасымов қасқайып тұрып. Ол елімізде бүтіндей облыстарда қылмыстық істер қозғалып жатқанына қарамай, Үкімет мүшелері жариялы түрде бір-бірін «мақтайды» деп атап өтті.
«Ұлттық банкті күшті экономист басқарады, сіздер оны жақсы білесіздер. Ол біздің Үкіметте миллиардерлер отыр деп мәлім етеді, ал Үкімет үнсіз. Неге жауап бермейді?», – деп сұраған сенатордың айтуынша, қазір зейнетақылық реформа мен декреттік төлемдерді шектеуге байланысты қоғамда әлеуметтік шиеленіс жағдайы бар екен.
«Миллиардтап шашып жатыр. Әлде доллармен, әлде теңгемен екені түсініксіз. Есепте ол да түсініксіз. Қарапайым заттарды тәртіпке келтіре алмайды. Мына есепте Ұлттық банк 2012 жылғы 9 айда Қазақстан экономикасына 17 млрд. АҚШ доллары болатын тікелей шетелдік инвестиция тартылды деп жазады. Ал Үкімет оны өзінің негізгі құжатына қосады. Қазір Ұлттық банк төрағасы 14 млрд. деп түзетті. Біздегі айырмашылық 3 млрд. Мұны қалай түсіну керек, оны мен білмеймін», — деп күйінді ол.
«Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосовтың «ҚР Үкіметінің жартысы миллиардерлер» дегенін Ғани Қасымов та қоштай отырып, барлығын да «сойып» салды. Біздің «үндемес» Үкімет бұл жолы да үндемей құтылды. Дегенмен, Ғани Қасымов «мен» деп кеудесін ұрар талай мықтының айта алмайтын сөзін айтып, «қышуымызды» бір қандырды-ау! Қышыманы қаси берсек, жара болады. Ол асқынады, бойды дерт меңдейді. Біздің бүгінгі қоғам да осыған ұқсас. Тұла бойы толған дерт.
Қыдыр ҚАЛИЕВ