Мадиярға қолдау көрсетейік!

Ақынов Мадияр 2000 жылы 23 қазанда дүниеге келді. Білімге деген құштарлығымен, ерік-жігерге толы сенімділігімен 1 сынып табалдырығын аттады. Сыныпта құрдастарымен тату, көпшіл, белсенді болды. 5 сыныпқа дейін балалық шақтың бал күндерін ешбір уайымсыз өткізді…2012 жылдың мамырында Мадиярға аңқа  (носоглотка) онкологиясы диагнозы қойылды.
Бүгінгі күнге дейін Мадияр химиотерапияның 8 курсынан өтті. Бұл қауіпті дерт жас балғынның әрбір күнін қиналыспен өткізуде. Өмірге, анасына деген шексіз сүйіспеншілігі ауыр дертке қарсы тұруға күш беріп отыр.
Бүгінгі таңда Германиялық мамандардың кеңесінен кейін Мадиярдың өмір сүруге мүмкіндігі бар екендігі анықталды. Германияда Мадиярдың үш курс химиотерапия емін қабылдауы қажет. Ол емнің бала денсаулығына оң ықпал тигізетініне сеніміміз мол.
Бұл Мадиярдың болашақта балалар дәрігері боламын деген үкілі үмітінің орындалатынына сенімін арттыра түскендей.
Ел  тілегіне  орай ниетіміздің  түзулігінен,  пейіліміздің  кеңдігінен  шығар, жақсылықтың  жолында  келеміз.  Әлеуметтік-экономикалық  жағдайымыз  да  жақсарып, таңдандырарлық  табыстарға  да  қол  жеткізе  бастадық.
Ізгіліктің  бастау  бұлағы   адамгершіліктен  арна  тартатынын  ескерсек, барша  адамды  бауырым  деп  сүю,  құрметтеу, өзара  сыйласу,  рухани  тазару —  Оңтүстік халқының  мұратына,  жаратылысына сай  келеді.
Мектеп жастары ассоциациясының бастамасымен қала мектептерінің белсенді оқушылары «Мадиярға қолдау көрсету» акциясын ұйымдастырып отыр. Балалардың өз қолынан жасаған қолөнер туындыларынан көрме-сатылым өткізілді.   Оқушылардың бұл Үндеуіне барлық білім мекемелері және мектептен тыс мекемелер белсенділік көрсетуде, көрсете де бермек.

«Ақынов Мадиярды қолдау» мейірімділік акциясының бастамашыл тобы.