«Бекжанды» отқа ораған кім?
Шымкеттің ең үлкен базары – «Бекжан» сауда орталығының бір түнде өртке шалынып, орнында саудагерлердің тауарларының қара күйесі қалғанына да бір жарым жыл уақыт өтті. Талайлардың үміті осы күлмен бірге көмілді. Ертеңінен үміт күтіп, бала-шағасының нәпақасын осы базардан тауып жүрген базбір азаматтардың миллиондары бір сәтте өрт құшағында қалды.
«Уақыт – бәріне емші» деп жабырқау көңілді жұбатқанмен, оның орны толмайтын өкініші ұмыт қалмайтыны белгілі. Құқық қорғау саласы бойынша прокуратура, ҰКК, ішкі істер департаменті тарапынан қозғалған қылмыстық істі ашуға осыншама уақыттың жетпегендігі – біздің құқық қорғау органдары саласы мамандарының, басшыларының дәрменсіздігін немесе тәжірибесіздігін көрсете ме? Хабары сонау Астанаға дейін жеткен, бүкіл елді дүрліктірген «Бекжан» базарының өртенуінің құпиясы әлі де құлыптаулы қалғандығы мыңдаған азаматтардың жігерін құм етіп, іштегі қыжылдарын әлі де тоқтата алмай отыр.
Іс тергелді, мүмкін күдікті де болған шығар. Қандай себептің перде артында тұрғандығын қалың ел біле алмай, сарсаң күй кешуде. Арнайы сарапшылар тағайындалды, бұл іске құқық қорғау саласының жүздеген адамдары тартылды. Бәрібір нәтиже жоқ. Оның жариялылығы тағы жоқ. Неге? Сонда «Бекжан» базарында болған алапат өрттің себебі мен талай миллиондарды құрайтын халықтың қолындағы байлықтың сұрауы осылай беймәлім күйде қала бермек пе? Сауал көп, жауап жоқ. Ешқандай құқық қоғау органдары тарапынан қызығушылық, жанашырлық, ең бастысы жауапкершілік сол өрттің қалай орын алғандығын 18 айдан бері таба алмағандығына кімді айыптап, кімді кінәлаймыз? Қылмысты жасағандарды ма, әлде сол қылмысты аша алмай, қол қусырып отырғандарды ма? Осының жауабын халыққа кім берер екен? Бұдан да ауыр қылмыстар жедел түрде ашылып, шешіліп жатқанда, отқа оранған базардың құпиясын көмбеде ұстауға біреулер шынымен мүдделі ме, екен? Біз тиісті орындардан осының бір уәжді себептерін білсек деген ойдамыз.
Қ.ҚАЛИЕВ