ТҮРКІСТАНДА БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН АРТТЫРУ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚҚА ИЕ

21
0

Бүгінде білім саласы – мемлекеттің дамуындағы басты стратегиялық бағыттардың бірі. Бұл салаға ерекше назар аударылып, білім сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Түркістан облысында бұл бағыттағы жаңашыл қадамдар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Облыс басшысы саланың сапасын тек материалдық база арқылы ғана емес, педагогтардың кәсіби әлеуетін арттыру арқылы жетілдіруге болатынын нақты көрсетіп отыр.

2024-2025 жылдарға арналған «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасы аясында Түркістан облысының білім беру саласында бірқатар ірі жобалар іске асуда. Соның бірі – «Білім беруді дамыту орталығы» ұйымдастырған халықаралық оқыту курсы. Курс үш кезеңнен тұрды. І кезең – онлайн оқыту: Педагогтар заманауи білім беру трендтерімен, оқыту технологияларымен және көшбасшылық дағдылармен онлайн форматта танысты. ІІ кезең – Алматы қаласындағы офлайн тәжірибе: Мұнда тыңдаушылар жоғары оқу орындары мен тәжірибелі мамандардан тереңдетілген білім алды. ІІІ кезең – Финляндия мен Эстонияға тағылымдама: Екі кезеңнен іріктелген үздік педагогтар әлемнің үздік білім жүйелерінің бірі саналатын елдерде тәжірибе жинап, шетелдік әріптестерімен тікелей байланыс орнатты. Бұл бағдарлама – Түркістан педагогтарының жаһандық деңгейдегі әдістемелік және көшбасшылық қабілеттерін арттыруға бағытталған нақты қадам.

Облыстың білім саласына бағытталған келесі маңызды бастама – педагогикалық менеджментке басымдық беру. Түркістандық 41 педагог Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде алғаш рет арнайы басқару курстарынан өтті. Бұл курстар заманауи мектеп басшыларының басқарушылық қабілетін дамытуға, көшбасшылық мәдениетін қалыптастыруға және білім сапасына тікелей ықпал ететін шешімдер қабылдау қабілетін жетілдіруге бағытталған. Бүгінде мектеп басшысы – жай әкімшілік қызметкер емес, білім саясатының жүргізушісі, педагогикалық команданың көшбасшысы. Сондықтан Түркістан облысы осы бағытта республика бойынша алдыңғы қатарда келе жатыр. Түркістан облысында педагогтар тек еліміздегі ғана емес, әлемдегі үздік білім беру жүйелерімен танысу мүмкіндігіне ие болуда. Соңғы жылдары ұстаздар мен әдіскерлер бірнеше алпауыт елдерде тағылымдамадан өтті. Жапонияда – lesson study әдісімен танысты. АҚШ-та – инклюзивті білім беру тәжірибесін меңгерді. Қытайда – техникалық және кәсіптік оқыту тәсілдерін зерттеді. Бұл тәжірибелерді облыс педагогтары сабақ беру әдістемесіне, оқу мазмұнына және оқу процесін ұйымдастыруға бейімдеп, мектептерде нақты нәтижелерге қол жеткізе бастады. Жаңа оқу жылында бұл үрдіс жалғасын табады. Түркістандық ұстаздар енді Францияда – білім беру философиясы мен цифрлық оқыту моделін, Малайзия мен Сингапурда – инновациялық мектептер мен көшбасшылық мәдениетті зерттейтін болады. Мұндай халықаралық байланыс – тек білім алмасу ғана емес, мектептің болашағына стратегиялық тұрғыдан қарау мәдениетін қалыптастырудың негізі.

Халықаралық оқыту курстарына қатысуда «Келешек мектептері» мен «Мақсатты мектеп» жобалары аясында таңдалған ұстаздарға басымдық берілуде. Бұл мектептер – жаңа үлгідегі педагогикалық моделді енгізу, цифрлық оқыту құралдарын тиімді пайдалану және инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру бойынша пилоттық нысандар. Олар алдағы уақытта өз өңірлеріндегі жетекші білім ордаларына айналып, басқа мектептер үшін тәжірибе алаңы рөлін атқарады. Материалдық база мен оқулықтар қаншалықты маңызды болса да, негізгі күш – ұстаздың кәсіби деңгейінде. Түркістан облысы бұл қағиданы нақты әрекетпен дәлелдеп отыр. Бүгінгі Түркістан – тек тарихи-рухани орталық емес, заманауи білім реформасының өңірлік көшбасшысы. Педагогтарды халықаралық деңгейде оқыту, басқарушылық мәдениетті дамыту, мектептерді жаңа формацияға көшіру – бұл жүйелі көзқарастың нәтижесі. Облыс басшылығының білім беру ісіне осыншалықты маңыз беруі – ертеңгі сапалы ұрпақтың негізін қалау деген сөз. Ал ұстаздың өсуі – елдің өсуі. Түркістан осы жолда нақты нәтиже көрсетіп келеді.