ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕҢБЕК АДАМЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

29
0

Түркістан облысында ауыл шаруашылығының басты саласы саналатын мал шаруашылығын дамыту — өңірлік экономиканың басым бағыттарының бірі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен бұл салада жүйелі өзгерістер орын алып, терең өңдеу кәсіпорындарын ашу, экспорт көлемін ұлғайту, мал басын көбейту секілді нақты мақсаттар айқындалды. Осы орайда Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Малшылар күні» кәсіби мерекесі ерекше салтанатпен аталып өтті.

Бұл – төрт мезгілде бір сәт тыным таппай, малдың жайын күйттеп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне өз үлесін қосып жүрген малшылар қауымының еңбегіне берілген нақты құрмет. «Малшылар күні» Түркістан облысының бірнеше ауданында мерекелік алаңдарда кең көлемде ұйымдастырылды. Іс-шараның ерекшелігі – барлық аудандарды қамтуы. Келес, Қазығұрт, Шардара, Жетісай, Мақтарал аудандарының еңбеккерлері Сарыағаш қаласында, Отырар, Сауран, Арыс, Кентау өкілдері Ордабасы ауданында, ал Төлеби, Түлкібас, Созақ, Бәйдібек аудандарының малшылары Сайрам ауданында бас қосты. Бұл – облыс басшылығының мал шаруашылығындағы әрбір ауданның үлесіне мән беріп отырғанының айғағы. Мереке аясында сала үздіктеріне арнайы марапаттар мен құрметтер табысталды. «Еңбек ардагері» төсбелгісімен Хахаров Қошқар (Жетісай), Ташимов Құралбай (Ордабасы), «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен Мырзақұлов Қошқар (Төлеби), Жұманова Салтанат (Жетісай), «Құрмет грамотасы» Жанатаев Мейрамбай (Отырар, түйеші), Ауыл шаруашылығы министрінің алғыс хаты Қайқыбай Айтжан, Шағалақов Құралбек, Әлібеков Оңғалбек марапатталды. Сонымен қатар 65 азаматқа облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды. Бұл — мал шаруашылығы мамандарының кәсіби мәртебесін арттыруға, жастарды ауылда еңбек етуге ынталандыруға бағытталған маңызды қадам.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, Түркістан облысы мал шаруашылығы бойынша республикада көш бастап келеді. Өңірде ірі қара – 1,2 млн бас, ұсақ мал – 5,1 млн бас, жылқы – 504 мың, түйе – 44 мың. Мұндай көрсеткіш – ауылдағы еңбеккерлердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Қазіргі таңда өңірде 62 мың тонна ет, 163 мың тонна сүт өнімдері өндірілген. Бұл – ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетті де кеңейтетін мүмкіндік. «Малшылар күні» – тек құрмет көрсету рәсімі ғана емес, ауыл шаруашылығы саласындағы құрылымдық реформалардың маңызын ұғындыру, еңбек адамының абыройын арттыру үшін маңызды құрал. Сала мамандарына көрсетілген құрмет ауыл жастарын аграрлық секторға тартуға ықпал етеді, ауылда еңбек ететін мамандардың қоғамдық беделін көтереді, өңірлік ауылшаруашылық саясатының басым бағыттарын нақтылайды.

Түркістан өңірінде мал шаруашылығы – тек экономиканың емес, ауыл өмірінің жүрегі. Төрт түлікке қарап, ауа райымен арпалысып, табанды еңбек етіп жүрген шопан, бақташы, малбегілер — нағыз ел тірегі. Осыны ескерген облыс басшылығының «Малшылар күні» сынды мерекені жаңғыртып, кең көлемде атап өтуі – еңбек адамына деген құрметтің көрінісі ғана емес, жүйелі ауыл саясатының нақты нәтижесі. Еңбегімен елін асыраған әрбір малшы құрметке лайық. Түркістан өңірі – сол құрметті сөзбен емес, іспен дәлелдеп келе жатқан өңір.