ШЫМКЕНТТЕ XII ӨҢІРЛІК АЗАМАТТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

34
0

2025 жылғы 15 шілдеде Шымкент қаласында қоғамның тұрақты дамуы жолында маңызды оқиға орын алды. Qyzgaldaq сарайында өткен «Шымкент қаласының тұрақты дамуы: азаматтық қоғам институттарының рөлі» атты өңірлік форум – азаматтық сектор мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы тиімді әріптестікті нығайтуға арналған алаңға айналды.

Ауқымды іс-шара Қазақстанның XII Азаматтық форумы аясындағы дайындық жұмыстарының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылды. Форумды Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде іске асырды. Кездесудің басты мақсаты – азаматтық қоғам мен мемлекеттік сектор арасындағы өзара әрекеттестікті жетілдіру, серіктестікті жаңа деңгейге көтеру және қоғамдық бастамаларға қолдау көрсету. Бұл мақсат форум барысында жан-жақты талқыланып, қатысушылар арасында нақты пікір алмасуға негіз болды. Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдардың белсенді мүшелерімен қатар, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, кәсіпкерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Олар қала дамуына азаматтық сектордың қосар үлесін, ҮЕҰ-дың тиімділігін арттыру жолдарын және қоғам өміріне азаматтардың белсенді араласуын қамтамасыз етудің түрлі тетіктерін қарастырды.

Биылғы форумның мазмұны мен құрылымы кеңейтілген. Бірнеше панельдік сессиялар мен тақырыптық пікірталастар ұйымдастырылып, әртүрлі бағыттар қамтылды. Олар — әлеуметтік әріптестікті дамыту жолдары, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың ашықтығы мен тиімділігі, Жастар ресурстық орталықтарының әлеуетін көтеру, қоғамдық бақылау және цифрландыру үдерістері. Бұл тақырыптар аясында қатысушылар нақты тәжірибе алмасып, тиімді шешімдер мен жаңа көзқарастар ұсынды. Мұндай формат – ҮЕҰ мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы диалогты шынайы әрі практикалық деңгейге жеткізудің тиімді жолы екені дәлелденді. Форум аясында қоғам белсенділерінің табысты жобалары көпшілікке таныстырылып, азаматтық белсенділіктің түрлі формалары көрсетілді. Сонымен қатар, «ҮЕҰ өмірі — бір сәт бейнеде» атты фотокөрме ұйымдастырылып, үкіметтік емес ұйымдардың күнделікті қызметі мен ел өміріне қосып жатқан нақты үлесі көрнекі түрде ұсынылды. Бұл – азаматтық қоғам өкілдерінің жұмысына берілген құрмет пен олардың көзге көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды қызметін насихаттаудың жарқын үлгісі болды.

Форум қорытындысында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының өңірлік деңгейде жүзеге асырылу барысы сараланды. Бұл – нақты жоспарлар мен практикалық қадамдардың қандай деңгейде жүзеге асып жатқанын бағалауға, әрі келешектегі басым бағыттарды белгілеуге мүмкіндік берді. Форум – екі жылда бір рет өтетін, жүйелі түрде азаматтық қоғамның жағдайын саралап, оның дамуын бағыттайтын диалог алаңы ретінде ерекше маңызға ие. Биылғы кездесуде ұсынылған пікірлер, жасалған тұжырымдар мен қабылданған ұсыныстар алдағы уақыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда негіз болуы мүмкін. Шымкент қаласында өткен форум – азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ашық диалогтың, сенімді серіктестіктің, ортақ мақсатқа жұмылудың нақты көрінісі.