ҚҚС 16%-ҒА ӨССЕ, АЙЛЫҚ НЕШЕ ПАЙЫЗҒА КӨТЕРІЛЕДІ?

Қосылған құн салығы 16 пайызға өссе, әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған адамдардың еңбекақысы мен әлеуметтік төлемдерін индекстеуге 800 млрд теңге бөлінеді.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында айтты.

— ҚҚС 16 пайыз болса, қосымша 4-5 трлн теңге жинаймыз. Сол ақшаның есебінен шынымен мұқтаж адамдарға айлық пен зейнетақыны, жәрдемақыларды индекстейміз. Есептеп көрдік, шамамен 800 млрд теңге бөлеміз. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамында базалық инфляция 7-8 пайыз болып белгіленген. Оған қосымша 3 пайыз инфляция болады деп отырмыз. Сонда шамамен 11 пайыз көлемінде. Біз онсыз да жыл сайын инфляцияны индекстеп келеміз. Бұл жолы осы қосымша үш пайыз инфляцияны индекстейміз. Сонда айлық пен зейнетақыға, жәрдемақыларға 3 пайыз индекстеу болады, — деді Азамат Әмрин.